Twitter жаңа басшысын тағайындады

Twitter жаңа басшысын тағайындады
Фото: newsfisher.io

Twitter компанияның жаңа атқарушы директорын тағайындады. Ол – Омид Кордестани (Omid Kordestani) есімді Google акционері. Омид Туиттерге дейін Google корпорациясының даму бойынша директоры қызметін атқарған.

Кордестани Ларри мен Сергей құрған корпорациядағы еңбек жолын 1999 жылы қатардағы қызметкер ретінде бастаған. Ол онлайн сауданы дамытумен айналысқан. Кейіннен жылдам өсіп келе жатқан корпорацияның бизнес-моделін жасауға қатысады.

Парсы тектес америкалық 2009-2014 жылдары компания директорының бас кеңесшісі қызметін атқарған. Кеңесші әрі инвестор ретінде ғылыми және медициналық стартаптарға қатысады. Ал 2014 жылдан алпауыт компанияның маркетингі, тұтынушылармен байланыс, сондай-ақ, серіктестермен жұмыс істеу бөлімдеріне жауапты болған.

«Мен Джек Дорсимен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Twitter командасынан үйренерім көп», - дейді Кордестани. Омид Кордестанидің Google корпорациясындағы қызметіне кімнің тағайындалатыны әзірге белгісіз.

Естеріңізге сала кетсек, Twitter негізін салушы Джек Дорси қазан айының басында компанияның тұрақты бас директоры болып тағайындалды. Twitter компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Дик Костоло жұмыстан кеткеннен кейін 2015 жылдың маусым айынан бастап Джек уақытша оның қызметін атқарды. Компанияның осы уақыт аралығында іздеген білікті тұлғасы Омид Кордестани болып отыр. 

Ж. Өрісбай