Робот iPhone сатып алу үшін кезекте тұр

Робот iPhone сатып алу үшін кезекте тұр
Фото: appadvice.com

Apple компаниясының жаңа смартфонының саудаға қойылуына бірнеше сағат қалды. Мұны Apple Store дүкендерінің алдында қалыптасқан ұзын кезектен білуге болады. Уақыт белдеуі басқа болғандықтан, сауда Аустралияда өзге елдерден ертерек басталады. Сиднейде алғашқылардың бірі болып iPhone 6s-ті сатып алу мақсатымен робот кезекте тұр.

Люси есімді робот Аустралияның ең үлкен қаласы Сиднейдегі Apple-дің ресми дүкенінің алдында адамдармен бірге кезекте тұр. Роботты «дөңгелекті iPad» деуге болады. Люсидің иесі Люси Келли планшеттегі арнайы қосымшаның көмегімен өз кезегін бақылап отыр.

«Мен iPhone 6s смартфонын алғашқылардың бірі болып иемденгім келеді. Дегенмен кезекте тұру үшін жұмыстан шығуым керек болды. Сондықтан, өзімнің орныма роботты жібердім», - дейді Люси Келли.

Ж. Өрісбай