Instagram қолданушыларының саны 400 миллионға жетті

Instagram қолданушыларының саны 400 миллионға жетті
Фото: www.ingwest.net

Instagram әлеуметтік фото қызметіне небары 9 айда 100 миллион қолданушы тіркелген. Нәтижесінде жалпы қолданушылар саны 400 миллионға жетіп отыр. Бұл туралы Facebook басшысы Марк Цукерберг әлеуметтік желідегі блогында мәлімдеді.

Instagram сарапшыларының берген нақты ақпаратына орай, желі қолданушыларының 75%-ы АҚШ территориясынан тыста өмір сүреді. Әсіресе, Бразилия, Жапония және Индонезия елдерінің азаматтары соңғы бірнеше айда ерекше белсенділік танытқан.

«Кевин мен Майкті (Instagram желісінің негізін салушылар - авт.) жаңа жетістікпен құттықтаймын. Кевин екеуіміз бұл сәтті бірге тойлап, кеңсеміздің шатырында Instagram-ның болашағы туралы әңгіме құрдық. Жетістікке көңілім толып отыр», - деп жазады Марк Цукерберг.

Кевин Систром мен Марк Цукерберг Facebook компаниясы кеңсесінің шатырында

Айта кетсек, 2013 жылдың желтоқсан айында аталған әлеуметтік желінің қолданушылар саны 200 миллионнан асты. Ал осыдан 9 ай бұрын сандық көрсеткіш 300 миллионға жетіп, Twitter желісін басып озды. Ал бүгін тағы 100 миллионның қосылғаны белгілі болып отыр.

Қазір Instagram желісіне 30 миллиард сурет жүктелген. Қолданушылар күнделікті 70 миллионнан астам фото және видео материалдарды бөліседі. Ал бөлісілген материалдарға күнделікті 2,5 миллиард «ұнайды» батырмасы басылады екен. 

Естеріңізге сала кетсек, Instagram әлеуметтік фото қызметін 2012 жылы Facebook компаниясы 1 миллиард АҚШ долларына сатып алған. Бастапқыда стартаптың табысы да, стратегиялық жоспары да жоқ болды. Сондықтан ұсынылған сома Кевин тарапынан бірден мақұлданған. Компания сатылғаннан кейін де Кевин Систром мен Майк Кригер өз қызметтерінде қала берді.

Ж. Өрісбай