Фейсбукте «Ұнамайды» батырмасы пайда болады

Фейсбукте «Ұнамайды» батырмасы пайда болады
Фото: www.lifehacker.com.au

Бүгін Facebook компаниясының басшысы Марк Цукерберг сұрақ-жауап конференциясына қатысып, әлеуметтік желі қолданушыларының әртүрлі сұрақтарына жауап берді. Марк осыған дейін де бірнеше рет көтерілген «Ұнамайды» батырмасына қатысты сұраққа нақты жауабын берді. Ол жақын арада «негативті» батырма Facebook әлеуметтік желісінде сынақ ретінде қосылатынын мәлімдеді.

АҚШ-тың Менло Парк қаласында өткен конференция барысында Каир (Мысыр) қаласының тұрғыны: «Марк, біз «Ұнайды» (Like) батырмасынан бөлек, тағы бірнеше функцияға ие болуымыз керек. Мысалы, «Ренжімеңіз» (I'm Sorry), «Қызығамын» (Interesting) немесе «Ұнамайды» (Dislike) сынды функциялар. Қалай ойлайсыз?» - деген сұрақ қойды. Ал Цукербергтің жауабын төмендегі видеодан көре аласыздар.

Марк Цукерберг «Ұнамайды» батырмасының тиімді жақтарын айтып өтті. «Адам өмірінде әртүрлі жағдай болады. Мысалы, Facebook қолданушысы туысқанының өмірден озғаны жайлы жарияласа, оған көңіл білдіру үшін «Ұнайды» батырмасын қолдану жөнсіз. Бұл парадоксты мәселе бізді бұрыннан ойландырып жүр. Қазіргі кезде біз оның бірнеше түрін қарастырып жатырмыз», - деді Цукерберг.

Ж. Өрісбай