Дрондар ғарышта пайдалы қазбаларды іздейді

Дрондар ғарышта пайдалы қазбаларды іздейді
Фото: upriser.com

АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан Кеннеди ғарыш орталығымен біріге жұмыс істейтін Swamp Works корпорациясының инженерлері NASA тапсырысымен квадрокоптер құрастырды. Жаңа аппарат өзге ғаламшарлардан пайдалы қазбаларды іздейді.

Дронның басты мақсаты – Марс пен Айдағы роверлердің бара алмаған жерлерін әуеден бақылау. «Әдетте пайдалы қазбалар терең ойпаттар мен биік таулардың бөктерінде болады. Ал 30 градусқа дейін дөңес кратерлерге біздің роверлер жете алмайды. Сондықтан, жаңа дрон бұл мәселенің шешімі болуы тиіс», - дейді жоба авторларының бірі Роб Мюллер.

Extreme Access Flyers аппараттары қарапайым квадрокоптерлерге ұқсағанымен, кратерлердің көлеңкелі аймақтарында ұшуға бейімделген. Ол Марс пен Айдан бөлек, астероидтарда да топырақтың құрамын анықтап, қатты күйде кездесетін судың құрамын зерттейді. Тағы бір артықшылығы, ғарыш дрондары газ негізінде жұмыс істейтін турбиналы қозғалтқыштармен жабдықталған.

Инженерлер командасы адамның алақанына сыятын түрінен бастап, ұзындығы 1,5 метрге дейін баратын квадрокоптерлердің бірнеше түрін жасаған. Барлығына арнайы турбиналы қозғалтқыштар қондырылған.

NASA ғалымдарының айтуынша, мұндай құрылғылар болашақтағы миссияларда қолданылуы мүмкін. Себебі, барлау жұмысына артық салмақтың болмағаны жөн.

Ж. Өрісбай