Apple Watch 2 сағаты видеочатқа арналған камерамен жабдықталады

Apple Watch 2 сағаты видеочатқа арналған камерамен жабдықталады
Фото: www.polygon.com

Apple Watch сағаттары жаппай сатылымға шыққаннан кейін оның екінші моделі туралы әртүрлі пікірлер айтыла бастады. 9to5Mac ресурсының мәліметіне орай, Apple корпорациясы Watch смарт-сағаттарының дамуына аса көп мән бермек. Екінші нұсқасының басты ерекшелігі, видеочатқа арналған алдыңғы камерамен жабдықталуында болып отыр. Айта кетсек, Apple Watch 2 «ақылды» сағатының шығу уақыты келесі жылдың көктеміне жоспарланған.

Мұндай техникалық жаңарту үнемі өзімен бірге iPhone смартфонын алып жүруден шаршаған тұтынушылар үшін ұтымды болмақ. Ғаламтордағы бейресми ақпараттарға орай, Watch сағаттары WiFi-чипсетіне ие болып, смартфоннан тәуелсіз түрде жұмыс істей алады. Нақтырақ айтар болсақ, бұл кез келген байланыс қызметтерін смартфонның көмегінсіз орындау мүмкіндігін береді.

Дегенмен, камерадан бөлек тағы қандай өзгерістер болатыны әзірге белгісіз болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, гаджеттің батареялары өзгермеуі мүмкін. Себебі көптеген тұтынушылардың смарт-сағаттың қуат көрсеткішіне шағымы жоқ. Орташа есеппен бір күнде қуаттың 60-70%-ы ғана жұмсалады екен. Одан бөлек, біршама техникалық жаңартуға ие болары анық. Сондай-ақ, корпусы болат және алтын нұсқаларымен қамданады.

Қазіргі қоғамда уақыттың үнемі тапшы болуы гаджеттердің де заманға бейімделуіне алып келуде. Тіршіліктің қайнаған ортасында смартфонның функцияларын сағаттар басқаратын болады. 

Ж. Өрісбай