Жуырда Galaxy S5 Neo смартфоны таныстырылады

Жуырда Galaxy S5 Neo смартфоны таныстырылады
Фото: www.futuretick.com

Samsung компаниясының тағы бір жаңа смартфоны нарыққа шығады. Жаңа өнім Galaxy S5 Neo атауына ие болып, осы жылғы Galaxy S6 аппаратын алғысы келмейтіндерге арналып шығарылмақ.

Атауынан белгілі болғандай, жаңа смартфон өткен жылы сатылымға шыққан Galaxy S5 девайсының құрылымына ұқсас болып келеді. Дегенмен өзіндік артықшылықтары да бар. Өнімнің басты ерекшелігі оның процессорында болып отыр. Оңтүстіккореялық инженерлер жаңа құрылғыға 64 битті Exynos 7580 чипін қондырған. Ал платформасы 1,6 ГГц жиілікке ие 8 есептеу ядросымен жабдықталған. Одан бөлек, дисплейдің графикасы Mali-T720 үдеткішіне ие болған.

Айта кетсек, гаджеттің дисплейі өзгеріске ұшырамаған. Салмағы 145 грамм болатын Galaxy S5 Neo смартфоны 5,1-дюймді Super AMOLED экранымен көмкерілген. Девайстың жады да өткен жылғы қалпын сақтапты. Негізгі жады - 2 ГБ, ал қосалқысы 16 ГБ көлемге тең.

Әйтсе де, смартфонның алдыңғы камерасы жаңартылған екен. SamMobile инсайдерлерінің ақпаратына сүйенсек, гаджеттің фронт модулі 5 МП сапаға ие болады. Ал оперативті жүйесі Android 5.1 Lollipop нұсқасы болып, екі SIM картаны қолдану мүмкіндігін береді. 

Ж. Өрісбай