Windows 10 операциялық жүйесі таныстырылатын уақыт белгілі болды

Windows 10 операциялық жүйесі таныстырылатын уақыт белгілі болды
Фото: youtube.com

«Microsoft» корпорациясы Windows 10 операциялық жүйесін 29 маусым күні ресми түрде таныстыратын болды. Нарыққа шыққалы отырған жаңа бағдарлама Windows 7, 8.1 заңды нұсқаларын қолданып жүрген тұтынушыларға тегін қосымша ретінде берілмек.

Жаңа операциялық жүйе мамандар тарапынан жоғары баңа алып отыр. Үйде немесе кеңседе жұмыс жасауға жаңа Windows нұсқасы ыңғайлы саналуда. Сонымен қатар, Windows 10 операциялық жүйесі қолданушылардың қауіпсіздігін күйшейту мақсатында Windows Hello, Microsoft Passport және Windows қорғаушысы сервистерімен толыға түскен. Тағы бір ерекшелігі – мобильді құрылғыларда қуатты қалыпты ұстайды, ал ғаламтордан керекті дүниелерді жүктеу жылдамдығы 10 есе артқан.

Windows 10 операциялық жүйесі жаңа бағдарламалар мен жаңа сервистермен толыққан. Бұл өнім - Microsoft компаниясының ең соңғы операциялық жүйесі болады. Корпорация енді операциялық жүйенің жаңа нұсқасын шығармайды, соңғысын дамытып отыратын болады. Microsoft өкілдерінің айтуынша, Windows 10 үнемі жаңартылып және дамып отыратындықтан өзектілігін жоғалтпайды.

Айта кеткен жөн, Windows платформасы – Microsoft-тың негізгі өнімі. Компания оперативті жүйелер нарығында қазір көшбасшы. Ал аталған өнімді әлем бойынша 1,5 миллиардтан астам адам қолданады. Дегенмен, соңғы жылдары мобильді құрылғылар мен планшеттер көбейіп кеткендіктен, Windows платформасының үлес салмағы азайып та келеді.

Ө. Сансызбай