NASA адамды апаттан құтқаратын әмбебап дронды тәжірибеден өткізді

NASA адамды апаттан құтқаратын әмбебап дронды тәжірибеден өткізді
Фото: www.nasa.gov

АҚШ-тың ғарыш агенттігі NASA Greased Lightning (GL-10) атауына ие 28 килограмдық дронды сынақтан өткізді. Жаңа октокоптердің ерекшелігі ол ұшақ сияқты жоғары жылдамдыққа ие болып, тікұшақ сынды кез келген орыннан тік көтеріле алады. 

Аталған дронның жобасы өткен жылы мақұлданған болатын. Бұл жылы NASA мамандары бір тәртіптен екінші тәртіпке ұшу кезінде ауыса алуын сынап көрді. GL-10 дроны бес рет әуеге көтеріліп, жоспарлы қозғалыстарды дәл орындай білген. Құрастырушылар сәтті нәтижеге қуанып отыр.

Айта кетсек, GL-10 октокоптері қиын-қыстау жағдайда адамдарды құтқару мақсатында қолданылатын болады. Мысалы, әртүрлі апат орын алған орындарда адамдарға қажет заттарды әуеден тасымалдау жұмыстарына негізделеді. Алғашында дронға гибридті қозғалтқыш орнатылып, сынақтан өтпей қалған болатын. Себебі аппараттың салмағы ауырлық етіп, оның қозғалтқышын қуат жинақтағышқа ауыстыруға тура келген. Қазір GL-10 тек электр энергиясымен көкке көтеріледі.

Болашақта NASA инженерлері дронның алып прототипін жасауды көздейтіндерін айтып өтті. Ол төрт адамға дейін тасымалдап, қарапайым тікұшақтар қона алмайтын аймақтарда адам баласының қажетіне жарамақ.

Ұқсас жазбалар: 

NASA мен Роскосмос бірігіп Марсты бағындырмақ

NASA мен Nissan бірігіп көлік шығарады

Ж. Өрісбай