Ең алғашқы ойын консолын жасаушы 92 жасында өмірден озды

Ең алғашқы ойын консолын жасаушы 92 жасында өмірден озды

Ральф Баер  видео ойын өнеркәсібінде кеңінен танымал болған адам. Себебі ол ең алғашқы ойын консолы болған Magnavox Odyssey ойынын 1972 жылы жасаған.

Ральф 1922 жылы немістің Родальбен қаласында дүниеге келген. Ал 11 жасында немістің қатаң саясатынан қашып АҚШ-қа көшіп кетеді. Ральф Баер Нью-Йорк қаласында аптасына 20 доллар жалақыға жұмыс істей бастайды. Кейіннен электроникамен айналысып бірталай жетістіктерге де жетеді. 1940 жылы Ұлттық Радио Институтында «Радиотехниканың сервистік қызметі» мамандығы бойынша білім алып шығады.

1943 жылы әскерге шақырылып, АҚШ әскерінің Лондондағы штаб-пәтерінде барлаушы болып қызмет етеді. Соғыстан кейін Қорғаныс Министрі оған қосымша білім алуы үшін қаржы бөліп, Баер Чикаго Технология Институтында бакалавр дәрежесін иемденеді. Өмірінің келесі 15 жылын әр түрлі компанияларда жұмыс істеумен өткізеді. Ральф алғаш рет видео ойындармен 1966 жылы айналыса бастайды. Жаңа идеяның құрылымдық алгоритмін бірнеше айда жасап шығарады. Бұл алғашқы теледидарға қосыла алатын консолдың жобасы еді.   

Magnavox Odyssey ойын прситавкасы

1968 жылдың қаңтарында Баер видео ойындарға патент алады. Ал сол жылдың қазан айына келіп қарапайым футболбаскетбол және пинг-понг ойнауға болатын функционалды ойын консолын шығарады. 1969 жылы қаңтарда Ральф Баер бірқатар компанияларға «Brown Box» деген атауға ие ойын консолының прототипін таныстырады.

Ресми келісім шартқа қол қойылғаннан кейін Magnavox компаниясы Magnavox Odyssey ойын приставкасын құрастырумен айналыса бастайды. Көп өтпей ойын консолдары 1972 жылы АҚШ дүкендерінде 99.95 АҚШ доллары көлемінде сатуға шығады. Ральфтің туындысы кейінгі үш жылда 330 мың дана сатылым деңгейіне жетіп, сәтті өнеркәсіп ретінде тарихта қалады.

Содан кейінгі жылдары да Ральф Баер өз патенті мен өнертабысы үшін сыйақы алып отырады. Сондай-ақ, видео ойындарды дамыту межесінде жұмыс істеуді өмірінің соңына дейін тоқтатпайды.

Ральф Баер босқа «видео ойындардың әкесі» атағын иемденген жоқ. Себебі оның арқасында қазір біз білетін SonyNintendo және Microsoft ойын консолдары шығып келеді. 2006 жылдың ақпанында Баер АҚШ президенті Джордж Буштың қолынан «Технологияда сіңірген еңбегі үшін» ұлттық медалін алды.

Сурет: world-fact.ru

Ж. Өрісбай