Қытайлық оператор iPhone 6 жайлы құпия ақпаратты қателесіп таратып жіберген

Қытайлық оператор iPhone 6 жайлы құпия ақпаратты қателесіп таратып жіберген

China Telecom қытайлық операторы Apple компаниясының 9 қыркүйекте шығуы керек болған iPhone 6 өнімі жайлы ақпаратты таратты. Оператор өз жарнамасында жаңа смартфонның қандай болатынын көрсеткен, деп хабарлайды Forbes.com басылымы. 

Қытайдың Weibo деп аталатын Twitter желісінің аналогы саналатын ресурсында China Telecom iPhone 6 смартфонын LTE стандартты екі желі бойынша қызмет көрсететін елдерде келісімшартсыз сатылатыны жайлы мәлімдеген. Демек оператордың LTE байланыс желісі қызмет көрсететін елдерде тұңғыш рет iPhone өнімін келісімшартсыз сататын болды.  

Бұдан басқа, оператор  iPhone өнімінің ресми суреті болуы мүмкін делінген промо-суретті жариялап қойған. Суретте смартфонның қара корпустағы алтын және жылтыр түсте екенін байқауға болады. Apple компаниясының бұған дейінгі өнімдеріне (мәселен iPhone 5S) қарағанда бұл жолғы жаңа нұсқа бұрыштарының доғал екені анық. Десе де бұл суреттің қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз қалып отыр.

Apple серіктестері әдетте жаңа өнім туралы ақпаратты аса құпия сақтайды. Ал China Telecom операторы жарнамалаған сурет дәл осы жаңа нұсқасы болуы мүмкін, себебі оператор құпия мәліметті қателіктен салып қойғаны белгілі болды. Кейін оператор жарнаманы Weibo ресурсынан өшіріп тастаған.

China Telecom Қытайда өзінің 180 ммллион абонентімен үздік әрі ірі үштікті қорытындылап тұрған оператор. Оның алдында тек China Mobile және China Unicom сияқты алып операторлар келеді.

Естеріңізге сала кетсек, Apple экран көлемі 4,7 және 5,5 дюйм болатын iPhone-ның алтыншы нұсқасын 9 қыркүйекте таныстыратын болады. Ал смартфонның артқы бренд белгісі жанып тұрады деген де ақпараттар бар. Сарапшылардың пікірінше, жаңа аппараттың 13 мегапиксельді камерасы, екі ядролы А8 процессоры болады. Сонымен қатар, iPhone 6 сынбайтын шынымен жабдықталған. Ол жақұт кристаллдарымен жасалады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Sina

А. Құлтай