Қазақстанда 100 адамға 160 ұялы телефон, 24 ноутбуктен келеді

Қазақстанда 100 адамға 160 ұялы телефон, 24 ноутбуктен келеді

Бүгін, яғни тамыздың 5-і күні Алматы қаласы Tien Shan қонақүйінде «Қазақтілді ақпарат кеңістігі: бүгіні мен болашағы» атты тренинг өтті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистер мен сайт редакторларына, PR-қызмет мамандарына арналған тренингті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамы ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі түрде өтіп тұратын тренингтің кезекті тренері саясаттанушы, блогер Айдос Сарым болды.

Пікір, тәжірибе алмасу форматында өткен шараға Талғат Ешенұлы, Дәурен Қуат, Өміржан Әбдіхалықұлы, Біләл Қуаныш, Жарас Ниязбек сынды журналистер мен сайт редакторлары қатысты. Тренингте қазақтілді дәстүрлі БАҚ пен қазақтілді жаңа медиадағы жарнама нарығы және Қазақстандағы ғаламтор қолданушылары тап болып отырған мәселелер жайлы сөз қозғалды. Қазақ аудиториясы мен қазақша контент жасаушы сайттардың бір-бірімен ара қатынасы және интернет жобаларды қаржыландыру ісі де назардан тыс қалған жоқ.

"Мемлекеттің баспасөзді дамытуға бөліп отырған қаржысы Жалпы Ішкі Өнімнің 3,9%-ын ұстап отыр. Бұл дегеніңіз білім саласына бөлетін қаржымен тең" дейді Айдос Сарым. "Қазақстанда 100 адамға 160 ұялы телефон, 24 ноутбуктен келеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда ғаламтордың болашағы бізде өте зор. Қазақстанда 16 мен 74 жастың аралығындағы адамдардың ғаламтор қолданатындары 60%, 6-74 жас аралығында 62%-ды көрсетіп тұр. Ал, жалпы көрсеткіш бойынша қазақстандықтардың 67%-ы ғаламторды пайдаланады",-дейді Айдос мырза.

Қазақ сайттарының қазіргі кездегі басты мақсаты Қазақстанда қазақ тілін пайдаланатын қолданушылардың көптігі, жарнама нарығына қазақ оқырманының жеткілікті екені, бизнеске, инвестиция сұранып тұрағанын дәлелдеу екені жайлы пікір айтқан Айдос Сарым: "Барлық қолданушының 70,4%-ы хабар-байланыс үшін, 71%-ы ақпарат іздеу, онлайн қызметтерді тұтыну, 4,7%-ы интернет арқылы сауда-саттық жасау үшін интернетке қосылады екен. Интернетті білім алу үшін 39%, банк арқылы ақша төлеу, үкіметтің электронды қызметтерін пайдалану үшін 15% адам пайдаланады",- деді.

Шара соңында ұйымдастырушылар Massaget.kz тілшісіне тренингке қатысқаны үшін сертификат табыстады.

Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: Massaget.kz

M. Auelkhan