BCG: Қазақстан цифрлық даму бойынша әлемде 50-орында

BCG: Қазақстан цифрлық даму бойынша әлемде 50-орында
Фото: informburo.kz

Күні кеше Астана қаласында Қазақстанды цифрландыру үдерісіне байналысты республикалық кеңес жиыны өтті. Отырыс барысында «Цифрлы Қазақстан» жобасы таныстырылды. Жиынға қатысқан шетелдік сарапшылар Қазақстанның альтернативті «мұнай» көзін игеріп жатқанын мәлімдеді. 

Республикалық кеңеске қатысқан Boston Consulting Group корпорациясының Таяу Шығыстағы бөлімшесінің директоры Александр Тюрпиц Қазақстанды цифрландыру үдерісіне оң бағасын берді. 

«Цифрлық технологиялардың жаңа мұнай көзіне айналып жатқанын байқаймыз. Себебі көптеген елдер мұны дамытуға баса назар аударып, әлемдік бәсекелестікке еніп жатыр. Қазір Қазақстан цифрландыру үдерісі бойынша әлемде 50-орынды алады. Қазақстанның қазіргі дамуына назар аудара отырып, алдағы 10 жылда үздік 30 ел қатарына кіретініне сенімдімін»,– дейді Тюрпиц мырза. 

BCG аймақтық директоры жақын болашақта адамзаттың өмірін түбегейлі өзгертетін 5 негізгі технологияны айтты. Олар интернет құрылғылар, жасанды интеллект, блокчейн, 3D-басылым және көлемді ақпарат қоры (big data). Әр ел осы бес технологияның нақты біреуін дамытуға барын салып жатыр. 

Мысалы, Германия интернет құрылғыларын дамытуға ден қойған. Себебі олар интернетке қосылған аппараттардың көмегімен тиімді өндірістің экожүйесін жасауды көздеп отыр. Ал Швеция үкіметі блокчейн арқылы келісімшарт жасасуды сынақтан өткізіп жатыр. Бұл жүйе арқылы салық төлеушілер жылына 100 миллион еуро үнемдей алады. 

Цифрландыру үдерісінің сәтті жүзеге асырылуы дәстүрлі өндірістік салаларды трансформациялауға, адамдық капиталға, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен цифрлы инфрақұрылымға байланысты болмақ. 

Ж. Өрісбай