Windows 8-дің сатылымға шығатын күні белгілі болды

Windows 8-дің сатылымға шығатын күні белгілі болды

Microsoft компаниясының жаңа Windows 8 операциялық жүйесі үстіміздегі 2012 жылдың қазан айында сатылымға шыға бастайды. Ал Windows 7 операциялық жүйесінің лицензиялы копиясын пайдаланып отырған тұтынушылар тегін түрде Windows 8 жүйесіне ауыса алады. Бұл туралы корпорацияның әрі вице-президенті, әрі қаржы директоры Тэми Реллер айтты.

Әйтсе де компьютер шығарушылар үшін Windows 8-дің релизі тамыз айында өтеді. BBC News-тың айтуынша, Microsoft оперциялық жүйесін әр 3 жыл сайын жаңартып отырады. Компания жүргізген статистика бойынша, қазіргі кезде Windows 7-ні 630 миллион адам пайдаланып отыр.

Windows 8-дің алдыңғы жүйелерден айырмашылығы мынау. Бұл жолғы нұсқада дауыс тану жүйесіне көп көңіл бөлінген. Сонымен қатар веб-камера арқылы адамның түр әлпетін тану функциясы да енгізілген. USB 3.0 интерфейсі, Bluetooth 3.0 байланысы мен стереоскопилық дисплей жүйесі де қосылды.

Бұған дейін компания Windows 8 операциялық жүйесінің демо нұсқасын көпшілік назарына ұсынғандығын айтқан едік. Корпорация қолданушыларға жүйені тегін жүктеу мүмкіндігін берген күні 1 миллионнан аса адам жаңа нұсқаны көшіріп алған болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: dknews.kz