Алматыда Intel® Core™ M процессоры таныстырылды

Алматыда Intel® Core™ M процессоры таныстырылды

Өткен аптада Алматы қаласында Intel® Core™ M процессоры таныстырылды. Жаңа процессор 4,5 Вт күшке ие, ол корпорация тарихындағы ең энергоэффективті Intel Core процессоры болып саналады. 

Intel Core M инновациялық процессоры мобильділік пен өнімділікті бойына жиып, ультрамобильді және вентиляторы жоқ жұқа құрылғылар үшін ойлап табылған. Жұқа құрылғыға қолданыла отырып, 4 жыл бұрынғы процессормен салыстырғанда қуаттағышсыз 2 есе ұзақ жұмыс істей алады. 

Intel-дің Ресей мен ТМД-дағы өңірлік директоры Дмитрий Конаш: "Intel 14 нанометрлік технология базасында жаппай өнім шығара бастаған алғашқы компания болды", - дей отырып, алғашқы 14 нанометрлік Intel Core M процессоры базасындағы эталонды үлгіні көпшілік назарына ұсынды. Құрылғы экранының диагоналі 12,5 дюйм, пернетақта ажыратқандағы қалыңдығы 7,2 мм, салмағы 670 грамм. Өнімділік артқан кезде қосымша салқындату қызметі де бар. 

Intel Core процессорының төртінші ұрпағына қарағанда, Intel Core M процессоры графика өңдеудің жоғары дәрежедегі өнімділігін көрсетеді. 8 сағаттан астам уақыт бойы видеоны үздіксіз ойнатып тұра алады. 

Аталған процессор нарыққа 2014 жылдың соңында шығады. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: Intel-дің қазақстандық баспасөз қызметі

М. Оңғарова