Терезесіз ұшақтың жобасы ұсынылды

Терезесіз ұшақтың жобасы ұсынылды

Ұшаққа отырғанда көп адам терезе арқылы жердегі ғажаптарды тамашалағысы келеді. Алайда терезеге алыстау отырғандар үшін бұл ыңғайсыздау екені белгілі. Жақында өткен International Yacht & Aviation Awards байқауында терезесіз ұшақ жобасы ұсынылып, басты жүлделердің біріне ие болды.

Жоба авторлары терезесіз ұшаққа IXION деген атау беріпті. Олардың мақсаты – әрбір ұшаққа отырған адамға ұшу сәтіндегі ғажайып көріністерді көруге мүмкіндік сыйлау. Шағын ұшақтың терезелерінің орнына экрандар орнатылған, олар ұшу аппаратының ішкі жағындағы бейнекамералар арқылы қызмет атқарады. Соның арқасында, жолаушылар табиғаттың таңғажайып көріністерін өз орнында отырып алдындағы орындыққа орнатылған дисплей мен терезе орнындағы экран арқылы тамашалай алатын болады. Сонымен қатар, ұшақта күн көзінен қуат алатын жүйе де қарастырылған. Ол арқылы ұялы телефоныңызды, ноутбугыңызды қуаттандыруға болады.

Дисплейлер арқылы ғаламтордан кино мен бейнеклиптер, келіссөздер жүргізуге дейін жағдайлардың жасалуы назарға алынған. IXION ұшағы аса үлкен болмайды, яғни жолаушылар тасымалдау қызметін атқармайды. 10 адамға арналып жасалу көзделген. Егер алдағы уақытта бұл жобаны қолдайтын компаниялар табылып жатса, терезесіз ұшақ жобасын ұсынушылар бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін мәлімдеп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, дәл осыған ұқсайтын жобаны Virgin Atlantic компаниясы қолға алуды жоспарлаған-ды. Олар ұшақ табанын шыныдан құрастырып шығып, жолаушыларға ұшу сәтіндегі көріністерді тамашалауға мүмкіндік жасайтындықтарын хабарлаған болатын.  

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: novate.ru

Ө. Сансызбай