Компьютер тышқанын не алмастыра алады?

Компьютер тышқанын не алмастыра алады?

Адамзатқа компьютерлермен үшінші өлшемде қатынас жасау үшін жаңа тәсілдер қажет. Шамасы ғалымдар оның бір жолын тапқан сияқты. Осы жайлы Новости ИТ QWRT-қа сілтеме жасап, мынаны хабарлайды.

Біз компьютермен Дуглас Энгельбарттың (Doug Engelbert) жасаған тышқаны арқылы әрекеттесеміз. Тышқан компьютердің экранына арналған прокси ретінде екі өлшемді жазықтықты пайдаланады. Тышқанның осы жазықтық бетіндегі кез келген қозғалысы экран бетіндегі қозғалысқа айналады.

Қазір тышқанның  экрандағы нысандарды басқаратын батырмалары мен айналатын дөңгелегі бар. Тышқан барынша пайдалы құрылғы, бірақ ол екі өлшемді. Ал біздер қазір үш өлшемді әлем мен виртуалды ақиқаттың табалдырығында тұрмыз. Осы жағдайда тышқанды не алмастыра алады?


Вайоминг университетінде Анем Нгуен (Anh Nguyen) мен Эми Беник (Amy Banic) жаңа идеяны дүниеге әкелді.

Осы жігіттер зерделі сақина жасады, ол өзінің орналасқан жерін үш өлшемде сезе алады және программаланған қимылдарға сәйкес әрекет етеді, бұл оған үш өлшемді виртуалды әлемде нысандармен қатынас жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы үш өлшемді кеңістікте әрекет ету идеясы бұрыннан бар нәрсе. Бір кездері өз орнын кеңістікте түсіне алатын компьютер тышқаны сатылуға шыққан да болатын, бірақ ол пайдалануға ыңғайсыз әрі мүмкіндігі шектеулі еді. Қазіргі заманғы, мысалы  Xbox Kinect немесе Nintendo Wii сияқты ойын консолы бар кез келген адам бұл құрылғылар үш өлшемді қозғалысты қалай қабылдап, оны 2D-экранға қалай бере алады деп ойланатыны анық.

Бұл құрылғылар нақты технологиямен шектелген, содан да олар ДК немесе MAC-тарда қолданыла алмайды. Содан кейін LeapMotion пайда болды, ол қолдың үш өлшемді кеңістіктегі барлық қозғалысын өлшейді. Ол құрылғы үлкен үмітпен былтырғы жылы іске қосылған еді, бірақ одан бүгінге дейін қайран жоқ.

Нгуен мен Беник барлық есептеу машиналарына кіруге болатын әмбебап арзан құрылғы жасауға бағдар алған. Олар оны тасуға жеңіл болатындай шағын етіп жасағысы келеді.

Соның нәтижесі саусақтың басына кигізілетін сақина түрінде жасалған 3DTouch құрылғысы болды. Ол 3D-акселерометрмен, 3D-магнит өлшегішпен және 3D-гироскоппен жабдықталған. Осылардың арқасында әр өлшегіштен түскен мәліметтерді салыстырып және жинақтай отырып, тұрған орынды барынша дәл анықтауға мүмкіндік жасалады.

Бұдан бөлек, 3DTouch-та кәдімгі тышқанда болатын құрылғының екі өлшемді жазықтық бетімен қозғалысын тіркейтін ағынның оптикалық көрсеткіші де бар. Қазіргі сәтте құрылғы барлық өлшегіштер мәліметтерін үйлестіретін Arduino-контроллерге сымдар арқылы жалғанады. Содан соң жинақталған мәліметтер кәдімгі ноутбукқа беріледі.

Нгуен мен Беник бұл жүйенің қолапайсыз екенін мойындайды. Олар осы сымдық жалғауларды кейін XBee модулінің жұбын пайдаланып, сымсыз жалғануға көшіруге болатынын айтады. 

Олар сонымен қатар, оған 3D-нысандармен қарым-қатынас кезінде қажет, мысалы саусақпен шерту, екі рет шерту және басу қимылдарын да түсінетін қабілеттерді де енгізіпті.

Жолдаған: Мұратбек Бексарыұлы

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: dailymail.co.uk

М. Оңғарова