Үш өлшемді карта жасап шыға алатын смартфон

Үш өлшемді карта жасап шыға алатын смартфон

ATAP — Google корпорациясының болашақта жүзеге асуы мүмкін жобаларымен айналысатын маңызды қанаты саналады. Жақында аталған компания инженерлер мен программистердің бір бөлігін жинап, қызықты жоба жасап шықты. Дәлірек айтсақ, олар шынайы уақыт аралығында алдында орналасқан кез-келген нысанның үш өлшемді (3D) картасын жасап шығатын смартфон құрастырып шықты. Жоба Project Tango деп аталады.

Google бүгін жұмыс тобының осыған дейін айналысып келген жобасын арнайы сайтта көпшілікке жария етіп отыр.

Негізінде жоба аса күрделі емес – смартфонды бірнеше датчиктермен жабдықтаған: қозғалысты бақылайтын 4 Мп камерадан бөлек, тереңдікті анықтайтын сенсор орналасқан. Датчиктерден түскен мәліметтер (секундына 250 мың рет) екі аса жоғары энергия үнемдегіш процессорында (Movidius Myriad 1) күрделі бағдарламалық алгоритмдердің арқасында өңделеді.  

Өңделген мәліметтердің қорытындысында, шынайы уақыт аралығында смартфонның айналасындағы нысандардың үш өлшемдік картасы жасалып шығады. Аппарат адамның көзі сияқты «стереокартиналарды» сараптап, кеңістік/нысандардың көлемдері мен геометриясын шынайы уақыт аралығында тани алады.    

Кеңістіктің тереңдігі, позициясы жөніндегі барлық мәліметтер құрастырушыларға API арқылы белгілі. Сондай-ақ олардың барлығын Java, C/C++ тілінде жазылған (оның ішінде Unity Game Engine де бар) кәдімгі Android-қосымшаларда пайдалануға болады.

1

Ал үш өлшемді картамен не істеу керектігін жетілдірілген (тың графикалы) жаңа ойындар мен қосымшалар жасауға ұмтылған басқа құрастырушы компаниялар шешпек. Яғни бұл оларға Google компаниясы тарапынан жасалып отырған жаңа бағыт әрі үлкен сый. Сондықтан олардың мұндай сыйлықтан бас тартпасы анық.    

Алайда Google компаниясының дәл осындай смартфондарды жаппай сату жөнінде жоспары жоқ – бұл бәрінен бұрын осындай технологияның мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған зерттеу жобасы болып отыр. Әзірге белгілісі, смартфон прототипінің дисплейі бес дюймды болып, ал өзі Android операциондық жүйесімен жұмыс жасамақ. Google қазірдің өзінде осындай аппараттың 200 дейін жарыққа шығарып үлгерген. Сондай-ақ компания бәсекелестік негізде оларды жобаға арнап үздік бағдарлама жасауға дайын құрастырушыларға сатуға қарсы емес. Құрылғылар ағымдағы жылдың 14 наурызынан бастап таратылады деп жоспарланған.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: google.com

Б. Қосмағамбет