Цукерберг WhatsApp-ты сатып алды

Цукерберг WhatsApp-ты сатып алды

Facebook әлеуметтік желісі кеше, 19 ақпан күні WhatsApp мессенджерін 16 миллиард долларға сатып алды. Осылайша бұл келісім Facebook тарихындағы ең қымбаты болып тіркелді.

Ол бойынша WhatsApp басшылығы жақын арада әлемдегі ең ірі әлеуметтік желіден жалпы құны 12 миллиард доллар болатын оның акциясынан бөлек, 4 миллиард долларды ақшалай алатын болады. Сондай-ақ WhatsApp басшылығы мен оның қызметкерлері төрт жылдың ішінде Facebook-тің жалпы сомасы 3 миллиард долларға бағаланған акциясына иелік етпек.

2012 жылдың аяғына қарай Facebook әлеуметтік желісі мамандар смс-хабарламалардың дәуіріне нүкте қояды деп болжаған WhatsApp мессенджеріне қызығушылық таныта бастаған болатын. Алайда сол кезде бұл ақпарат расталмаған еді.

Ал 2013 жылдың сәуір айында кейбір БАҚ Google корпорациясының WhatsApp мессенджерін миллиард долларға сатып алу жөнінде келісім жүргізіп жатқаны хабарланған еді. Бірақ кейін WhatsApp ол ақпараттардың барлығын жоққа шығарды.

WhatsApp – әлемдегі ең ірі әрі танымал мобильді мессенджер саналады. Оның көмегімен мобильді телефон қолданушылары бір-бірімен хабарлама, сурет, бейнероликтер және дыбыс файлдарымен жылдам алмаса алады. Қазіргі кезде әлем бойынша оны 450 миллиондай адам қолданады екен.

Facebook-тің де 2011 жылдың тамызында іске қосқан жеке мессенджерінің бар екендігі белгілі. Одан бөлек, 2013 жылы Цукерберг Snapchat қызметін 3 миллиард долларға сатып алғысы келген еді. Алайда кейін екі жақ ортақ келісімге келе алмай, нәтижесінде Facebook компаниясы WhatsApp-ты сатып алуға бел шеше кіріскен болатын.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: iphones.ru

Б. Қосмағамбет