Sony компаниясы Vaio компьютерлерін шығарудан бас тартты

Sony компаниясы Vaio компьютерлерін шығарудан бас тартты

Sony компаниясы Vaio жеке компьютелерлер шығарумен айналысатын бизнесін сатып жібергендігі жөніндегі ақпартты растады. Бір уақытта жапондық компания жұмыс орнының да қысқарғанын және де ТВ өндірісінің қайтадан аяққа тұрғанын жеткізді.  

Sony компаниясының ресми сайтында хабарлағандай, Vaio жеке компьютердер өндірісінің шығынын Japan Industrial Partners (Bain & Co. and Mizuho Securities Co біріккен кәсіпорны) қорына қарайтын жаңа компания жабатын болады. Sony бұл фирмада тек 5 пайыздық үлесін сақтап қала отырып, ол мекемеге өзінің 250-300 қызметкерін жұмысқа орналастыратын болды. 2014 жылдың наурыз айына қарай жапондық корпорация Vaio маркалы құрылғылардың өндірісін біржола тоқтатқанымен, осыдан кейін өз клиенттеріне осыған дейін сатқан тауарларына кепілдік және басқа да жөндеу қызметтерін көрсете беретінін хабарлады.

Japan Industrial Partners қорының Sony компаниясына компьютер бизнесі үшін қанша қаржы төлейтіні жарияланған жоқ. Осыған дейін Nikkei басылымы 50 млрд. иена ($493 млн) сомасын айтқан болатын. Сарапшылардың бағалауынша, 1000 адамдай қызмет ететін  Vaio бөлімінің шығыны биылғы қаржы жылында (наурыз айына дейін жалғасатын) $300 млн жетіпті. Sony жеке компьютерлер бизнесін сатқаннан кейін тек Xperia смартфондары мен планшеттеріне ден қоятын болады.

Сондай-ақ Sony теледидарлық бөлімін 2014 жылдың шілде айына қарай жаңа еншілес кәсіпорнына ауыстыратынын хабарлады. Бұл шара ТВ бизнесін бір жылдан кейін табыс табатындай межеге жеткізу үшін жасалынған қадам деп бағаланады. Ол үшін корпорация модельдерін 4K-мүмкіндіктегі сапада шығаруды мақсат етіп отыр. Одан бөлек, компания дамып келе жатқан нарыққа жергілікті сұраныстарды негізге ала отырып, жаңа құрылығылар шығаруды жоспарлап отыр.  

Компанияны компьютерлер және теледидарлық бағыт бойынша қайтадан жаңарту жұмыстары аясында 5000-ға тарта жұмыс орны қысқаратын болады. Жұмыстан Жапония бойынша 1500 адам, ал шет мемлекеттерден 3500 адам қысқарады деп жоспарланып отыр. Олардың көбі өндірісте, сату бөлімінде және әкімшілік істерде қызмет ететін адамдар болғалы тұр.

Sony компаниясындағы түбегейлі өзгерістер алдында өткен жылы 30 млрд. иена табыс күткен болса, енді олардың шығын болжамы 110 миллиард иенаға (шамамен $1,1 млрд) жетіп отыр. 2013 жылдың сәуір-желтоқсан айларында жапондық өндірушінің табысы шамамен $110 миллион болған еді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: laptopspec.net

Б. Қосмағамбет