Galaxy Note 3 Neo бюджетті смартфоны жарыққа шығатын болды

Galaxy Note 3 Neo бюджетті смартфоны жарыққа шығатын болды

Samsung компаниясы соңғы кезде қолданушыларын көптен бері күттіріп, жарнамасына да біраз қаржы жұмсап барып жарықа шығаратын, әсіресе смартфондарының кейін толып жатқан ұқсас модельдерін шығару стратегиясына әбден көшіп алған сыңайлы. Оның компания үшін де, қолданушылар үшін де пайдалы тұстары жоқ емес. Компания қымбат смартфондардың аздаған өзгеріске ұшыраған бюджетті модельдерін шығару арқылы аз ақша жұмсағысы келетін өз тұтынушыларының сұранысын қанағаттандырса, қолданушылар аталған модельдерге көп шығын жұмсамай, дегендеріне қол жеткізіп отыр. Енді солардың ізін өткен күз айында таныстырылған Note 3 моделі де жалғастырмақ екен.  

Дәлірек айтсақ, Интернет беттерінде «оңтүстіккореялық корпорация Galaxy Note 3 Neo моделін жарыққа шығарады» деген ақпараттар пайда болды. Тіпті жаңа модельдің суреттері де шығып қойған. Мамандар оның кей қасиеттерін де өздерінше топшылап қойған. Мысалы, жаңа фаблет 5,55 дюймды Super AMOLED (720p) дисплейіне, 8-мегапиксельді камераға, сыйымдылығы 3 100 мА*сағ аккумуляторға және 2 ГБ оперативті жадына ие болмақ. Басқаша айтсақ, жаңа Galaxy Note 3 Neo қызметі мен қасиеттері жағынан өзінің «жақын туысы» Galaxy Note 3-тен гөрі, осыдан бір жарым жыл бұрын таныстырылған Galaxy Note II смартфонына жақынырақ.

1

Алайда басты айырмашылығы да жоқ емес. Жаңа фаблетте осы күнге дейін белгісіз болып келген Samsung Exynos 5260 процессоры қолданылады деп күтіліп отыр. Алты чиппен жұмыс жасайтын процессордың екі ядросы (Cortex A15) 1,7 ГГц жиілікте жұмыс жасаса, қалған төртеуі (Cortex A7) 1,3 ГГц жиілікпен қызмет атқарады. Ал смартфонды графикалық мүмкіндікпен төрт ядролы GPU Mali-T624 қамтамасыз етпек. Осындай су жаңа механизмдер қолданылатындығы себепті де смарфон Galaxy Note 3 деп аталғандығы түсінікті.

Операциондық жүйе ретінде смартфон Android 4.3 Jelly Bean-ді пайдаланады.

Ал енді басты жаңалық, Samsung өзінің «Neo» моделін бюджетті нұсқада сатылымға шығармақ. Жаңа өнімнің ресми таныстырылымы келесі айдың ішінде өтетін MWC конференциясында болады деп күтілуде.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: nextpowerup.com

 

Б. Қосмағамбет