Apple бізге тағы не сыйлар екен?

Apple бізге тағы не сыйлар екен?

Бүгін түнде американдық Apple компаниясы өзінің жаңа өнімдерін таныстыруға арналған баспасөз мәслихатын өткізеді. Компания ол жерде жаңартылған «Айпэд» (iPad) планшеті мен оның кішкене нұсқасы "Айпэд Мини" (iPad Mini) гаджетін қолданушылар назарына ұсынбақшы. Бұл шара Сан-Францискодағы Йерба Буэна орталығында өтеді деп жоспарланған.

Сондай-ақ, бұл кеште планшеттерден бөлек, жаңартылған компьютерлер мен ақылды сағаттар да таныстырылады деп күтілуде.

Ал сарапшылар бірауыздан компания бұл кеште "Айпэд" /iPad/ планшетінің бесінші буынын көрсетеді деп топшылап отыр. Ол өзінің осыған дейінгі түріне қарағанда едәуір жеңілірек және жұқа болады деген де болжамдар айтылуда. Жаңа гаджетте 64-битті архитектурасы бар "Эй-7 Экс" /А7 X/ процессоры мен бейнелерге түсіру сапасы жақсартылған жаңа камера болмақ.  

Одан бөлек, IT-мамандар жаңа "Айпэдте" саусақ іздерін тануға арналған сканер қызметінің ("Тач Ай-Ди" /Touch ID/) болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Сондай-ақ, жаңа қызметтер арасында /Smart Cover/ «ақылды» пернетақта қабының болуы да ғажап емес.

Ал "Айпэд Минидің" екінші буынына келер болсақ, ол да жаңартылған процессормен жабдықталуы мүмкін. Батыс журналдарының хабарлауынша, девайстың дисплейі ретінде оған жоғары пиксельді Retina қондырылмақ.  

Жаңа гаджеттер алтын және сұр түсті де болып шығуы әбден мүмкін.

Аталғандардан бөлек, бұл баспасөз маслихатында "Мак Про" /Mac Pro/ жылдам әрі қуатты үстел компьютерінің соңғы нұсқасының жаңа мүмкіндіктері (оның ішінде жаңартылған "Экс Мэверикс" /OS X Mavericks/ операциондық жүйесі де бар) айтылатын болады.  

Соңғы кезде девайстардың дамуына басқаша бағыт берген «ақылды» қол сағаттары да (Apple watch) бұл кеште компания атынан таныстырылып қалуы әбден мүмкін. Сондай-ақ компанияның "Нетфликс" /Netflix/ видеоқызметін сатып алғандығы жөніндегі ақпарат осы кеш барысында ресми түрде расталады деп күтілуде. Тіпті кейбір батыл сарапшылар компания "Эппл ТВ" /Apple TV/ толықөлшемді теледидарын ұсынады деген пікірлерді де айтып қалды. 

Алайда бүгін таныстырылуы мүмкін жоғарыдағы біз атаған өнімдер тек сарапшылардың жеке ойлары екендігін ескерте кетейік. Барлық мәселенің анық-қанығын біз сіздерге ертең компания өз өнімдерін ресми түрде таныстырғаннан кейін барып толық айтып бермекпіз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: macpages.ru

Б. Қосмағамбет