Гаджет әлеміндегі соңғы жаңалықтар

Гаджет әлеміндегі соңғы жаңалықтар

Бүгін біз сіздерге гаджеттер әлеміндегі соңғы жаңалықтарды жеткізбекпіз. Ең бірінші жапондық Sony компаниясы ұсынған плеерден бастайық.

Жапондық Sony корпорациясы өзінің танымал Walkman құрылғыларының қатарын Sony Walkman W274S плеерімен толықтырды. Бұл гаджет әсіресе суда жүзушілер үшін таптырмас құралға айналғалы отыр. Өйткені оның корпусы су өткізбейтіндей етіп жасалынған.

1

Мұндай плеермен суда екі метр тереңдікке дейін жүзуге болады. Ал оның мінездемелеріне келер болсақ, құрылғыда 8 ГБ ішкі жад орналасқан. Онда кем дегенде 200 музыкалық композицияға дейін орын бар.  

Өндіруші компания жаңа Sony Walkman W274S плеері Еуропа елдерінде осы айдың соңына дейін сатылымға шығады деп отыр. Ал бағасы әзірге белгісіз күйде қалды.

Енді смартфондар әлеміндегі жаңалықтарға ойысайық. Қымбат смартфондар өндірісімен айналысатын танымал Vertu компаниясы өзінің су жаңа Vertu Constellation Android-смартфонын көпшілік назарына ұсынды. Гаджеттің басқалардан басты айырмашылығы оның бағасында болып отыр. Ол 6600 долларды құрайды.

2

Оның техникалық мүмкіндіктері жағына келер болсақ, құрылғының басқа бәсекелестерінен басымдығын байқай алмадық. Телефон 4,3-дюймды, мүмкіндігі 1280 х720 пиксель болатын дисплейге ие. Ондағы барлық бұйрықтарға екі ядролы Snapdragon S4 процессоры жауап береді. Камерасы да екеу: 1,3 Мп фронтальды және 13 Мп негізгі. Одан бөлек, телефон NFC, WiFi және Bluetooth сымсыз технологияларын қолдай алады. Ал ішкі жады 32 Гб құрайды.

Сондай-ақ, Vertu Constellation смартфонын сатып алған қолданушылар Wi-Fi технологиясы арқылы лимитсіз Интернетке кіру сияқты әртүрлі қосымша мүмкіндіктер алады.   

Аталғандардан бөлек, жақында Dell компаниясы да өзінің жаңа өнімдерімен таныстырды. Дәлірек айтсақ, ол Venue 8 және Venue 7 аталған екі бірдей Android-планшетін жарыққа шығарып отыр. Аттары айтып тұрғандай, екеуінде өлшемдері 7 және 8 дюймды дисплейлер орнатылған. Қос құрылғы да Android Android 4.2.2 Jelly Bean операциондық жүйесі көмегімен жұмыс жасайды.

3   

Диспей өлшемдерінен бөлек, планшеттер орнатылған процессорлары жағынан да әрқилы. Мысалы, 8-дюймды модельде 2 ГГц жиілікте жұмыс жасайтын Intel Atom Z2580 процессоры жұмыс жасаса, 7-дюймдысын 1,6 ГГц-ті Atom Z2560 процессоры басқарады. Оның екеуі де екі ядролы. Одан бөлек, құрылғылар мүмкіндіктері әртүрлі камералармен де жабдықталған. Venue 8 планшетінде фронтальды және негізгі камералар мүмкіндігі 3 және 5 Мп болса, Venue 7-де олар 2 және 0,3 Мп құрайды.

Екі гаджет те 2 ГБ оперативті және 16 ГБ флеш-жадтарына ие. Ал экран мүмкіндіктері 1280х800 пиксель болады. Құрылғылар GPS-қабылдағышы мен Wi-Fi 802.11b/g/, Bluetooth 4.0 сымсыз технологияларын да қолдай алады.

Қос өнімнің де сатылымы 18-қазаннан басталады. Ал бағалары Venue 7 пен Venue 8 үшін сәйкесінше 150 және 180 долларды құрайды.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: geeky-gadgets.com, factsite.ru

Б. Қосмағамбет