10 минутта толық қуаттанатын Fujitsu Arrows A смартфоны

10 минутта толық қуаттанатын Fujitsu Arrows A смартфоны

Fujitsu компаниясы жапондық SoftBank операторымен біріге отырып, Arrows A инновациялық смартфонын таныстырды. Озық мүмкіндіктерінен бөлек Android-девайс өзінің қас қағымда қуаттана алатындығымен және де саусақ іздерін сканерлеу қызметімен мақтана алады.

Биылғы жылы жарық көріп жатқан девайстардың көпшілігі сияқты бұл Android-смартфонда да Full HD мүмкіндігіне ие 5-дюймды экран (сондай-ақ онда электр үнемдегіш Sharp IGZO-матрицасы да бар), жиілігі 2,2 ГГц, қуатты төрт ядролы Qualcomm Snapdragon 800 процессор, 2 ГБ оперативті және 64 ГБ (ұлғайтуға болмайтын) ішкі жадтары бар.

Сондай-ақ телефон оптикалық тұрақтандырғышы бар 13,1-мегапиксельді негізгі, 1,3-мегапиксельді фронтальды камераларына, Android 4.2 Jelly Bean операциондық жүйесі мен сыйымдылығы 2600 мАсағ болатын аккумуляторға ие болып отыр. Смартфонның габариттері 141 х 70 х 10,3 мм құраса, салмағы – 157 грамм.

Байқағаныңыздай, құрылғы батареясының сыйымдылығы аса үлкен емес. Алайда жасап шығарушы Fujitsu компаниясы девайсты арнайы энергия үнемдегіші мен дисплейінің арқасында 3 күнге дейін автономды жұмыс жасайды деп сендіріп бағуда. Енді телефонның басты артықшылығы және жаңалығына келер болсақ, ол оның 10 минут ішінде (қуаты бір күнге жетерліктей) толық қуаттана алатындығында болып отыр. Мамандар болса компанияның бұл сиқырына әлі таңқалуда. Себебі осы күнге дейін дәл мұндай жетістікке ешбір алпауыт компания жетіп көрмеген еді.   

Fujitsu мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ол өзінің жаңа девайсына жоғарыдағы жаңалықтан бөлек, иесінің саусақ іздерін сканерлеп, танитын қызмет түрін де қосқан екен. Сканер сыртқы панельдегі фотокамераның астыңғы жағынан орын тепкен. Дегенмен Fujitsu бұл қызметтің не үшін қажет екендігі жөнінде тіс жармады. Десек те, біздің болжамымызша, ол бірінші кезекте телефонға бұғат қойып (iPhone 5s смартфонындағыдай), кейіннен тек иесінің ғана оны қалыпқа келтіруіне арналған болуы керек.  

Сонымен, осындай жаңа қызмет түрлерімен толыққан Fujitsu Arrows A смартфоны нарыққа келер жылдың басына қарай шықпақ. Ал оның бағасы болса әзірге белгісіз күйде қалып отыр. Біз ол жөнінде алдағы уақытта міндетті түрде хабарлайтын боламыз. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: rg.ru

Б. Қосмағамбет