Apple жаңа iPhone-дарды таныстырды

Apple жаңа iPhone-дарды таныстырды

Apple компаниясы екі жаңа мобильді құрылғысын – қымбат iPhone-5S пен арзанырақ iPhone-5С нұсқасын таныстырды. iPhone-5S смартфоны болжанғандай саусақ ізі арқылы телефон иесін танитын жаңа функциямен жабдықталыпты.

Apple тұңғыш рет нарыққа бір құрылғының екі бірдей нұсқасын шығару стратегиясын қолданды. Жаңа функцияның көмегімен құрылғыны блоктан шығаруға және компанияның интернет-дүкендерінде сату кезінде идентификациялауға болады.

Мұндай функция Apple-ге құрылғылардың сатылымы жағынан айтарлықтай басымдылық беруі әбден ықтимал.

Өз кезегінде iPhone-ның бірінші арзан нұсқасы саналатын 5C құрылғылары бес түсте дәлірек айтар болсақ, жасыл, сары, көк, қызыл және ақ түстерде қолжетімді болады екен. Смартфон корпусы пластиктен жасалған. 2012 жылы таныстырылған iPhone 5 секілді жаңа смартфон да Apple A6 процессоры негізінде жұмыс істейтін болады. iPhone 5S әйнек пен алюминийден жасалатын болады. Ол қара, күміс және алтын түсті корпустарда сатылымға түседі.

Аталған смартфон 64 разрядтық Apple A7 процессорымен жабдықталған. Осы модельге дейін Apple компаниясы 32 разрядтық процессорларды қолданып келген еді.

Нарықтағы үлеске күрес

Жаңа телефондар арзан болмайды - 5S британдық нарықта 64 ГБ жады бар нұсқа құны 709 фунт стерлинг болмақ.

Apple жаңа телефондары АҚШ, Британия, Қытай, Аустралия және Канада елдерінде 20 қыркүйек күні сатылымға түседі. Қытай тұңғыш рет телефон бірінші кезекте сатылымға түсетін елдер қатарына кіріп отыр. Ал Қазақстанда аталған телефондардың ресми сатылымы қашан басталатыны әлі белгісіз. Бірақ ipoint.kz электронды дүкені арқылы қазірден бастап iphone 5S пен iphone 5C құрылғыларына алдын ала тапсырыс беруге болады. 

Бүгінде iPhone телефондары Apple компаниясына ең табысты тауары болып есептеледі. Ол американдық компанияға 50 пайыздан аса кіріс алып келеді екен.

Алайда американдық компания сатылымның артуына қарамастан, біртіндеп нарықтағы үлесін жоғалтуда.

Ағымдағы жылдың екінші маусымында смартфондардың әлемдік нарығында iPhone-ның үлесі 12 пайызды құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға кем.

Ал Google Android жүйесі негізіндегі смартфондардың үлесі 69-дан 79 пайызға артқан.

Жаңа мүмкіндіктер

Apple басшысы Тим Кук дәстүр бойынша компанияның жаңа өнімдерін өзі таныстырды.

5С моделі арнайы микросхемамен жабдықталыпты. Әрдайым қозғалысты бақылап отыратындықтан оны спорт мониторы ретінде қолдануға болатын көрінеді.

Applе, сонымен қатар, жаңа телефондардағы фотокамераларды біршама жетілдірген. Оларға бұрынғы модельдермен салыстырғанда алаң жағынан 15 пайызға үлкенірек сенсорлар қолданылыпты. Бұл қараңғы жерде түсірілген суреттің сапасын жақсартуы тиіс екен. Сонымен бірге, түстің қанық болуын бақылайтын түрлі түстегі екі көмескі жарық көзі қолданылыпты.

Сонымен бірге, компания кадрды автоматты түрде тұрақтандыру жүйесін және секундына 120 кадр жылдамдығымен видео түсіру мүмкіндігін қолданған.

Apple iOS 7 операциондық жүйесінің едәуір жетілдірілген нұсқасын көпшілікке таныстырды. Енді оны 18 қыркүйектен бастап барлық iPhone смартфондарына жүктеуге болады. 

Жаңа модельдер кіріктірілген офистік мүмкіндіктерге де ие болады. Мәселен, текстік редактор, электронды кесте және слайдтар. 

Алайда дүкендерде, көліктерде электронды төлемақы жасауға қажетті NFC микросхемаларының жаңа құрылғылары болып-болмайтыны жайлы ештеңе айтылмады. Apple бәсекелестерінің барлық жаңа смартфондары мұндай чипке ие. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: apple-phone.ru

Ж. FM