Instagram Luma мобильдік қосымшасын сатып алды

Instagram Luma мобильдік қосымшасын сатып алды

Instagram әлеуметтік желісі басқа бір компанияны сатып алу жөнінде өзінің тұңғыш келісімін жасады. Осылайша ол Luma мобильдік қосымшасын жасаушы компанияны өз қатарына қосып отыр.

Luma видеороликтерді жасап және оларды ондағы кескіндерді тұрақтандыра отырып өңдеуге арналған қызмет түрі. Одан бөлек, бұл қосымшаның қолданушылары үшін өздерінің жасаған туындыларын достарымен бөлісуге мүмкіндік қарастырылған.  

TechCrunch порталының таратқан ақпараты бойынша, Facebook компаниясының өкілдері жаңа келісімнің жасалғандығын растап отыр. Оған қоса компания жаңа активі арқылы өзінің интеллектуалды базасымен қатар, технологиялық жақтарын да жақсартуды мақсат еткендігін айта кетті. Осылайша Facebook өзінің еншілес әлеуметтік желісінің беделінің одан әрі қарай да арта түсетініне сенімді. Сондай-ақ жақын арада Luma өзінің бұрынғы мекен-жайындағы қызметін толық тоқтататын болады. Ол қазірдің өзінде App Store дүкенінен алынып тасталған. Дегенмен өнімге қолдау биылғы жылдың 31-желтоқсанына дейін жалғасын таппақ.

Бүгінгі күні Instagram күніне әлем бойынша 130 миллион қолданушы кіретін әлеуметтік желі саналады. Оның қолданушылары оған өздерінің түскен суреттері мен 3-15 секундтық шағын видеороликтерін iOS және Android операциондық жүйелері арқылы жұмыс жасайтын құрылғылары көмегімен орналастыра алады. Instagram-ды мобильдік қосымшалармен де, веб-нұсқа түрінде де қарауға болады.     

Ал Instagram ӘЖ-де видео қызметі осы жазда ғана пайда болған еді. Жаңа қызмет түрін Facebook маусым айында болған баспасөз маслихатында көпшілікке таныстырған болатын. Сол кезде Instagram-ның негізін қалаушы Кевин Систром: «Бұл бәріміз білетін және жақсы көретін бұрынғы Instagram, бірақ ол енді қозғалатын болды»,-деп әзілдеген еді. 

Сонымен қатар, видеороликтер қызметінде фотосүзгілерден ерекшеленетін 13 жаңа эффектілер пайда болды. Кевин Систромның сөзінше, ол бұл жаңа мүмкіндіктерді видеоларды өңдеумен кәсіби түрде айналысатын мамандарға тапсырған екен. Енді компания Luma қызметін сатып алысымен, өз қызмет түрлерінің аясын кеңейтуді мақсат етіп отырғандығын да жасырмады.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: searchprogram.ru

 

 

 

 

Б. Қосмағамбет