Apple компаниясы төңірегіндегі соңғы жаңалықтар

Apple компаниясы төңірегіндегі соңғы жаңалықтар

Құрметті Apple сүйер қауым! Бүгін біз сіздерге осы компанияның төңірегінде болып жатқан екі бірдей жаңалықты жеткізбекпіз.

1. Apple компаниясы шақырылып отырған абоненттің қоңырау шалғанға немесе SMS-хабарлама жібергенге дейін байланыс аясында екендігін анықтайтын әдісті патенттеді. Methods to determine availability of user based on mobile phone status аталған патент АҚШ-тың патенттер базасы сайтында 399801 нөмірімен тіркеліп отыр.

Бұл қызмет түрі тек қана IPhone смартфондары үшін жұмыс жасайды. Жаңа жүйе шақырылғалы жатқан абоненттің сигнал және батарея қуатының деңгейі, оның телефонында қандай режим қойылғандығын (мысалы, «Ұшақта» режимі) мобильді құрылғыдан Apple серверіне жеткізетін болады. Одан әрі қарай iPhone иесіне абоненттің статусы толықтай көрсетілмек. Компания бұл қызмет түрі қолданушылардың уақытын жоғалтуы мен сәтсіз жасалған қоңыраулар үшін шығындар көлемін азайтуды қамтамасыз етеді деп отыр.   

Алайда қазірдің өзінде бұл қызмет түрі қолданушылардың арасында екі түрлі пікір тудырып отыр. Біреулері бұл жүйені екі қолын көтеріп қолдаса, екіншілері өзінің статусының Apple қарамағында болғандығын қаламайды. Дәлірек айтсақ, олар бұл қызмет түрі адамның тұрған жері мен статусын анықтайтындықтан, оны жеке өміріне қол сұғушылық деп атап отыр. Ал компания болса әзірге патенттелген қызмет түрінің құрылғыларға қашан қондырылатыны жөнінде тіс жарған жоқ.

2. Бұл жаңалық Қазақстандағы IPhone смартфондарының сатылымы жөнінде. Сонымен елімізге ресми түрде әкелінген iPhone құрылғыларының саудасы 26-тамыздан басталмақ. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне BFF.kz дүкендер желісінің қожайындарының бірі Ұлан Қаражігітов айтып берді. Бұл компания американдық алпауыттың еліміздегі мақұлдаған серіктесі болып саналады.  

Әзірге компания тек iPhone 5 смартфондарының 16 және 32 гигабайттық нұсқаларын ғана сатылымға шығармақ. Олардың бағасы тиісінше 118 900 және 136 900 теңгені құрайтын болады. Корпус түстері де стандартты - ақ және қара. Одан бөлек, бұл телефондарды сатып алғаннан кейін қолданушы оны қосымша бұғаттан шығармай-ақ (разблокировка) пайдалана берсе болады.  

Естеріңізге салсақ, одан бөлек Apple компаниясы өзінің тұңғыш бюджетті iPhone 5С смартфонын жарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Ол әлем бойынша 2013 жылдың қазан айында сатылымға түседі деп жоспарланған. АҚШ-та оның бағасы 500 доллардан басталады. Ал бізде аталған құрылғы кедендік салықтар мен жеткізу шығындарын қоса есептегенде 90 мың теңгенің төңірегінде сатылады деп күтілуде.

Осыған дейін Apple өз құрылғыларының ресми сатылуына тек реселлерлер (алып сатарлар) iPhone смартфондарының үлкен партиясын сатып алғанда ғана рұқсат беретінін айтқан болатын. Алайда ондай мүмкіндік еліміздегі толық тексерістен өтпеген iPhonе смартфондарының көптігінен әзірге орындалмай отыр.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: spaceroom.ru

Б. Қосмағамбет