Жерге геомагниттік дауыл келе жатыр

Жерге геомагниттік дауыл келе жатыр

Күннен шыққан үлкен көлемдегі плазмалық бұлт Жерге жұма күні, 23-тамызда келіп жетіп, ғаламшар бетінде геомагниттік дауыл тудырады, деп хабарлайды Утро.ru.

Лебедев атындағы физикалық институты рентгендік Күн астрономиясы зертханасының қызметкері Сергей Богачевтің сөзінше, Күн бетіндегі бұл құбылыс алғаш болып сейсенбі күні байқалған. Ал қазір плазмалық бұлт Жер бетіне секундына 917 шақырым жылдамдықпен келе жатыр екен.    

Айта кетейік, бұған дейін осы жазда  Күн бетінде үш рет магниттік ауытқу орын алды. Бірінші рет 1-маусымда болса, екіншісі 29-маусымда және үшіншісі 26-шілдеде. Қазіргі кезде геомагниттік ауытқудың Кр индексі 4-деңгейге жеткен. Ал жалпы дауыл ретінде егер оның қуаты 5-тен асса ғана саналады.  

«Қазір ол төртінші деңгейден өтіп келеді. Сондай-ақ оған үлкен үңгірдің де әсері болмайды емес. Геомагниттік ауытқудың Кр индексі Жерге жеткенше 6 – 7 деңгейге өтуі әбден мүмкін»,-дейді ғалым.

Алайда РҒА Жердегі магнитизм институты Күннің белсенуін болжау Орталығының жетекшісі Сергей Гайдаш: «Тұрғындарға қауіптенудің қажеті шамалы. Бұл құбылыс ешқандай адам шығыны мен басқа да дүрбелеңдерге алып келмейді. Біз осы күнге дейін мұндай магниттік дауылдардың талайын бастан өткердік»,-деп отыр.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: ru.tsn.ua

Б. Қосмағамбет