Қазақстандықтар Google Translate қызметіндегі қазақ тілінің дамуына қолдау білдіре алады

Қазақстандықтар Google Translate қызметіндегі қазақ тілінің дамуына қолдау білдіре алады

Қазақстандықтарды Google Translate онлайн-аударма қызметін жақсартуға шақырып отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл шараға мемлекеттік және де қосымша ағылшын тілдерін жетік меңгерген кез-келген азамат қатысып, болашақ қазақтілді аударма қызметінің сапасын жақсартуға өз үлесін қоса алады. Google компаниясының өкілі Тілек Мамутовтың сөзінше, қазіргі таңда онлайн-аудармашы әлемнің 71 тілін қолдай алады. Ал Интернет желісінің қолданушылары өз кезегінде бағдарлама жасап шыққан аудармаларға баға берулеріне болады.

Алайда жобаны іске асырып жатқан команда әзірге еліміздің мемлекеттік тіліндегі қызмет түрінің пайда болуына кепілдік бере алмай отыр. «Ең маңызды факторлардың бірі – осы тілде Интернет беттеріндегі мәтіннің көптігі»,-деп түсіндірді компания өкілі. «Қазіргі кезде бұл жобаға Орталық Азия елдерінің де тілдерін енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүруде. Енді сіз де Google Translate командасына көмектесе аласыз»,-дейді Мамутов. Қызмет сапасын бағалауға арналған аудармалар мына жерде орналасқан.  

Айта кетейік, Google Translate қызмет түріне қазақ тілінің енуі жөніндегі мәселе 2012 жылдың 23-сәуірінде көтерілген еді. Одан кейін сол жылдың желтоқсан айында Астана қаласында "Wikibilim" қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы 2013 жылдың соңына дейін аударма қызметіне қазақ тілін енгізу туралы жобасын таныстырған болатын. Сол кезде Кенжеханұлы былай деген еді: «Бұл жобалардың барлығы Президент Әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімовтің қамқорлығымен жүзеге асып жатыр. Қазір біз бұл қызметтің 2013 жылдың соңына қарай толық жұмыс жасауына жұмыстанып жатырмыз». Сондай-ақ ол Google компаниясы тілдерді аударма қызметіне енгізуге бағытталған арнайы жұмыс жасамайтынын, бұл іске тек тіл білетін азаматтар өз еркімен ат салысып, ресурсты қазақша сөздер мен мәтіндерге толтыра алатынын ескерткен еді. Бұл қызметке қазақша мәтіндерді қосу жөніндегі нұсқау мына жерде көрсетілген.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: blog.languagetranslation.com



Б. Қосмағамбет