Қазақстанда отандық антивирус пайда болмақ

Қазақстанда отандық антивирус пайда болмақ

Қазақстандық бағдарламашылар тұңғыш отандық антивурис жасап шығармақ, деп хабарлайды "24 КZ" арнасы. 

Компьютерлерге Интернет арқылы вирус жұқтыру мүмкіндігі жоғары 20 елдің арасында Қазақстан төртінші орын алады екен. Ал бүгінгі таңда еліміздегі Интернет желісін қолданушылары ресейлік және американдық ақпараттарды қорғау жүйелерін қолдануға мәжбүр.   

"Қазіргі кезде бізде ақпараттардың қауіпсіздігін сақтауға арналған өзіміздің фундаментальды стандартымыз жоқ. Сондықтан да біздер қазір осы мәселені шешу мақсатында отандық ғалымдар мен бағдарламашылардан жаңа топ жасақтап жатырмыз. Одан бөлек, еліміздің төл антивирусын жасауға инвестиция тарту мақсатында жасалған арнайы жоспарларымыз бен іске асырылатын шараларымыз да бар",-дейді Қазақстан софтверлі компаниялары қауымдастығының президенті Азамат Әміртаев. 

Мамандар мұндай бағдарлама жасап шығуға бас аяғы бес жылдай уақыт керек дегенді де айтып отыр. Одан бөлек, тұңғыш жасалатын қазақстандық антивирус жобасына 50 миллион доллар қаржы қажет болады екен. Сарапшылардың пікірінше, өзіміздің антивирустық бағдарламамызды жасап шығуға елде кәсіби мамандардың саны жетерлік.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: super-warez.net

Б. Қосмағамбет