Жаңа Android 4.3 Jelly Bean операциондық жүйесі

Жаңа Android 4.3 Jelly Bean операциондық жүйесі
Алдағы аптада бізді Google-дың жаңа операциондық жүйесінің нұсқасы Android 4.3-тің анонсы күтіп тұр. Бұл шара барысында біз жаңа ОЖ-нің тың қызметтерімен танысатын боламыз. Алайда олардың кейбірі қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Бұл туралы Android 4.3-пен жабдықталған Nexus 4 смартфоны қолдарына түскен Android Central журналистері хабарлады.
Көпшілік күткендей жаңа Android 4.3 операциондық жүйесі Android 4.1 немесе 4.2 нұсқаларымен салыстырғанда көп өзгеріске ұшырай қоймаған. Сондықтан да ол Key Lime Pie емес, Jelly Bean деп аталып отыр. 

Сыртқы өзгерістерден жаңа дайлерді (қоңырау шалу, нөмірді теру қызметі) айтсақ болады. Енді бұл қызмет нөмірді теру кезінде тізім ішінде абонентті табу үшін автоматты түрде цифрлар мен әріптердің комбинациясын қолданады. Одан бөлек теруге паузаны да қоюға болады. 

Сондай-ақ қолданушылар жаңартылған камера қосымшаларын да пайдалана алады (ол қазірдің өзінде GALAXY S4 және HTC One смартфондарына арналған нұсқаларында "Google Play" дүкенінде кездеседі). Баптауларда да жаңа қызметтер пайда болмақ. Мысалы, олардың бірі қолданушыға артық қимыл жасамай-ақ қосымшаларға тұрған орнын анықтау үшін Wi-Fi желісін қысқа уақытқа қосуға мүмкіндік береді.    

Android 4.3 операциондық жүйесі Bluetooth Low Energy (BLE) протоколымен де жұмыс жасай алады. Яғни осының арқасында қосымша жалғанатын құрылғылар үшін шығындалатын энергия көлемі біршама азаятын болады. Ал OpenGL for Embedded Systems 3.0 қолдауы арқасында ойындарда жаңа визуалды эффектілер пайда болмақ. 

Жаңа Android 4.3-пен жабдықталған Nexus 4 смартфонын толық зерттеп шыққан журналистердің әзірге айтары осы. ОЖ-нің басқа да жаңа қызметтерін біз алдағы аптада ресми таныстырудан кейін хабарлайтын боламыз.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: etradesupply.com

Б. Қосмағамбет