Apple әлемдегі ең құрметті компания атанудан қалды

Apple әлемдегі ең құрметті компания атанудан қалды
Американдық беделді Barron's іскерлік газеті жыл сайын "Әлемдегі ең құрметті немесе сенімді" 100 компанияның тізімін жариялап келеді. Соңғы үш жылда бұл тізімнің басында Apple тұрған еді. Алайда биыл ол бірден үш сатыға төмендеп кетті. 

Оны басып озған миллиардер Уоррен Баффет басқарған Berkshire Hathaway (бұл компанияның бір акциясы 170 000 доллар тұрады) мен Walt Disney компаниялары болды. Десек те Apple корпорациясы басқа hi-tech алыптарынан бәрібір жоғары тұр. Мысалы оның басты бәсекелесі Google бұл тізімде төртінші орынға жайғасқан. 

Ал басқа IT-компаниялар мүлдем төмен сатыда. Мысалы, Amazon - алтыншы, IBM - оныншы, Samsung Electronics - он сегізінші болса, одан кейін Intel (20-орын), Qualcomm (43) және Microsoft (61) орналасқан. 

Barron's газетінің бұл рейтингісі кәсіпқой қаржы менеджерлері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде жасалады. Оларға компанияларды 4 балдық есеппен бағалау ұсынылған (беделсіз, құрметтірек, құрметті және аса құрметті). Одан кейін олардың қойған ұпайлары қорытынды рейтингті түзеді. 

Бір қызығы, Google сауалнамаға қатысқан 5% адамның төмен ұпайын алған 36 компанияның алғашқысы болып отыр. Алайда оның төртінші сатыдан көрінуіне қаржы менеджерлерінің 50 пайызының қойған жоғары ұпайы себепкер болды.

Apple компаниясының бірнеше жыл бойы сенімді тұрған құрметті орнынан айырылып қалу себебі деп оның акцияларының бағасы өткен жылдың қыркүйек айынан қазіргі кезге дейін 705-тен 420 долларға құлауын айтсақ болатын шығар. Одан бөлек, кейбір сарапшылар (оның ішінде Apple негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк та бар) американдық алып Джобс кезіндегідей инновацияларға аса көңіл бөлмейтіндігін де айтады. Ал соңғы кезде компаниядағы қиындықтарға байланысты оның президенті Тим Кук қызметтен кетеді деген сыбыстар да жиілеп кеткені бар.

1

Apple президенті Тим Кук  

Мүмкін алда тұсауы кесілетін iPhone 5S пен бюджетті смартфондардың есебінен компанияның беделі біршама артып қалар. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: applife.kz, cntv.ru

Б. Қосмағамбет