Sony өзінің кезекті "ақылды сағатын" таныстырды

Sony өзінің кезекті "ақылды сағатын" таныстырды

Бүгін Sony компаниясы өзінің "ақылды сағаттарының" жаңа нұсқасы SmartWatch 2 таныстырды. Соңғы кезде жарыққа шығып жатқан өнімдердегі сияқты жапондық девайс та су өткізбейтіндей етіп жасалынған екен. Оның тағы да бір артықшылығы - NFC (Near Field Communication), яғни сымсыз байланыс технологиясы болып отыр. Бұл типтегі гаджеттерге сәйкес, онда өзінің сағат функцияларынан бөлек, телефон бетінен алынған ақпараттарды көрсететін және телефонды қашықтан басқару қызметтері бар.  

Сонымен мобильді девайс өз қолданушысына келесі қызмет түрлерін көрсете алады: алақанмен қоңырауларды басқару, қашықтан фотоға түсіру, маршруттарды көрсету, поштаны оқу, презентацияларды басқару, музыка мен дауысты реттеу. Олардан бөлек, девайс телефондағы жіберілген қоңыраулар, жаңа хабарламалар, e-mail, күнтізбе жаңалықтары мен әлеуметтік желілердегі хабарламаларды көрсете алады. Сондай-ақ сағатты үлкен экранды девайстарға да қосуға болады: SmartWatch телефон функцияларын планшеттер мен ноутбуктерде ыңғайлылырақ пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. 

SmartWatch 2 өзінің бірінші нұсқасынан NFC технологиясымен, жаңартылған дизайнымен, қосымша қызмет түрлерімен, экран мүмкіндігі және айқындылығымен (1,6 дюйм, 220 х 176 пиксельді) және де жұмыс жасау уақытының ұзақтығымен ерекшеленіп отыр. Ал егер сіз оны тек қана сағат түрінде көргіңіз келсе, онда SmartWatch-ты жай ғана смартфоннан ажыратып тастай аласыз.

Сонымен Sony ұсынған жаңа "ақылды сағаттарды" биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап дүкендерден сатып ала аласыз. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: gadgetblog.ru

Б. Қосмағамбет