Intel Core процессорының 4-ші ұрпағы таныстырылды

Intel Core процессорының 4-ші ұрпағы таныстырылды

Өткеннің құлы болмаңыз. Өз-өзіңізді қолға алып, ерек іс жасаңыз

Роберт Нойс

(Intel компаниясының негізін қалаушылардың бірі)

Бүгін, 4 маусым Алматы қаласындағы "Хаус саябағы" мейрамханасында Intel компаниясы Intel Core процессорының 4-ші ұрпағын таныстырды. Процессор таныстырылымына ТМД елдерінің журналистері жиналды. 

Таныстырылымды Intel-дің ТМД елдеріндегі баспасөз қызметінің директоры Михаил Рыбаков ашты. 


Intel Core процессорының 4-ші ұрпағы 22 нанометрлік Haswell микроархетектурасының негізінде жасалған. Ең алдымен бұл процессор ультрабук, ноутбук пен планшет құрылғыларына арналып шығарылған. "Бұрынғы процессорларға қарағанда, басты ерекшелік қуат көзінің үнемделуінде жатыр деуге негіз бар. Жаңа процессор 9 сағат бойы қайта қуаттаусыз жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Бұл компания тарихында болмаған", –деді сөз алған Intel-дің Қазақстандағы, Орта Азиядағы және күнгей Кавказдағы директоры Дмитрий Кисель.

Ал Intel-дің техникалық маманы Александр Хоменконың айтуынша, Intel Core процессорының 4-ші ұрпағы бейненің жылдамдығы мен суреттің сапалылығын қамтамасыз етеді. 

Жаңа Intel Core ультрабуктан бастап, екі қызметті бір бойына жинаған инновациялық құрылғыларды сұрыптауға мүмкіндік береді. Графикалық жүйелері жетілдірілген процессор құрылғыларды жан-жақты қамтылған әмбебап құралға айналдырып, қолданушының талабына сай бейімделген.

Барлық жағынан жетіліп, тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыра алатын Intel Core процессорының 4-ші ұрпағы құрылғы өндірушілеріне құрылғыларын процессорға сай етіп қайта жасау талабын қоя алады. 

Естеріңізге сала кетейік, Intel компаниясы электронды құрылғылар мен түрлі технологиялық өнімдер жасап шығару ісімен айналысатын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Штаб-пәтері АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан. 

Арнайы Massaget.kz үшін: Мейіргүл Оңғарова  

Сурет: Мейіргүл Оңғарова  

М. Оңғарова