Ұялы телефон: Аңызға айналған телефондар

Ұялы телефон: Аңызға айналған телефондар

Нарыққа шыққан кейбір ұялы телефондар қарапайым халықтың жүрегін жаулап алды. Олардың көбі қазіргі кезде коллекционерлер мен бірен-сараң қолданушылардың меншігінде. Сонымен, бүгінгі әңгімеміз баршаға танымал ұялы телефондар жайлы болмақ.

Классикадан бастасақ.

Nokia 3310

Әйгілі nokia 3310 ұялы телефонын көрген боларсыз. Иә, бұл "кірпішті" аға-тәтелеріміз бен ата-аналарымыз сөмкелерінде сақтап, керек кезде қоңырау шалып отырған. Біле білсеңіз, бұл телефон 2000 жылы нарыққа шыққан болатын. Монохромды, яғни бір түсті дисплейі бар моноблок классикалық корпуста орындалған. Nokia-ның қарапайымдылығы соншалықты, тіпті оны кішкентай бала да қолдана алады. Міне, "Қарапайым дүниенің бәрі керемет" деген сөзді осы телефонға қатыстырып айтуға толықтай негіз бар. Телефонның 84*48 нүктені қолдайтын дисплейі болды. Бұл үлгінің бір жақсы жері - оның беріктілігінде. 3310-ды суға лақтырсаң батпайды отқа, лақтырсаң жанбайды - деп дүниежүзіндегі миллиондаған қолданушы әзілдеп отырады. Сөздерінің жаны бар- ау. Расында да бұл телефонды 2-3 метр биіктіктен мәрмәр еденге, немесе суға құлатып алған адамдар түк болмағандай телефонды көтеріп алып, өз жөнімен жүре берген. Үлгінің берік болғаны соншалықты, онымен жаңғақты қағып алуға болады. Міне, нағыз беріктіліктің эталоны ретінде nokia 3310-ды тануға болады.

Motorola RAZR V3

RAZR V3 қатты металмен қапталып, 0,3 мегапиксельді бейне-фото камерамен жабдықталған "раскладушка" еді. Телефонның 2,2 дюймілі 176*220 нүкте шешуі бар 262 мың түсті ажырата алатын дисплейі бар. Сырты металмен қапталған телефон ұстараға ұқсағандықтан, қарапайым халық оған осындай атау берді. Камерасы қазіргі заманауи құрылғылармен еш салыстыруға да келмейді. Бірақ, 2004 жыл үшін бұл өте үлкен қадам еді. Құрылғының ішкі жады бар-жоғы 7,2 Мб. Жады карталарды бұл үлгі қолдамайтын. Бірақ кейінгі V3i үлгісінде бұл мүмкіндік іске асырылды. Негізі телефон бизнесмендер мен қалталы адамдарға арналған еді. V3 стильді, әрі заманауи дизайнмен көзге түсетін. Міне, классикалық үлгінің тағы бір данасы тарихта қалатын сияқты. 

Nokia 6230

Қазіргі заманауи телефонның функционалында не бар? Тізіп шығайық: мр3 ойнатқыш, фото-бейне камера, bluetooth модулі. 2004 жылдың қараша айында нарыққа шыққан Nokia 6230-да бұның бәрі бар еді. Керемет емес пе? Сол кездегі телефонның бағасы өте қымбат еді. Бұл телефонды сатып алуға кейбір адамдардың бірнеше айлығы да жетпейтін, ал қазір болса, 6230-ды қолдан екі-үш мың теңгеге сатып ала аласың. Жаңасын емес, әрине. Сонда да классиканың аты - классика. Бұл телефон да халқымыздың сүйікті телефонына айналып кеткен.

Сонымен, бүгін біз класикалық үш телефон туралы сөз қозғадық. Сізде осы телефондар болса, немесе танысыңыздан осындай телефонды көрген болсаңыз, өз пікіріңізді айта отырыңыз! 

Суреттер: mobiguru.ru