Ай бетіне соңғы 8 жылдағы ең үлкен метеорит құлады

Ай бетіне соңғы 8 жылдағы ең үлкен метеорит құлады

НАСА астрономдары Айда соңғы 8 жылда болған ең үлкен метеорит жарылысын түсіріп алды. 

"Үлкен үйінді көлеміндегі объект Айдағы Жаңбырлар Теңізіне құлап түсті. Ол құлаған сәтте соңғы кезде біз көрген ең үлкен жарық пайда болды",-деп пікір білдірді НАСА-ға қарасты метеориттерді зерттеу орталығының маманы Билл Кук.

НАСА мамандары осымен 8 жыл бойына Айды мұқият бақылап келеді. Олар Ай бетіне құлаған әр метеорит пен астероидты мұқият зерттейді. Бұл бағдарлама басталғаннан бері Ай бетінде 300 аса үлкен жарылыс орын алған екен.

НАСА астрономы Рон Саггс бұл жарықты ең бірінші болып байқаған екен. Оның сөзінше, орын алған құбылысты ешқандай аспап көмегінсіз-ақ жай көзбен де байқау мүмкін болған. Бірақ жарылыстан кейін көрінген жарық бар болғаны бір секундқа ғана созылған.

Ғалымдардың айтуынша, құлаған объект өлшемі 0,3 пен 0,4 метр аралығында болса, салмағы 40 келіні құраған. Ал Ай бетіне ол секундына 25 метр жылдамдықпен құлауы мүмкін. Нәтижесінде орын алған жарылыстың қуаты тротильді эквивалентпен 5 тоннаны құраған. 

Қазір НАСА қызметкерлері құлаған дене жөнінде толық ақпарат жинап жатыр екен. Олар LRO зонды арқылы құлаған жерді суретке түсіріп, мән-жайды толықтай анықтамақ. Олардың есебінше метеорит соңында диаметрі 20 метр болатындай кратер қалуы әбден мүмкін. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: tengrinews.kz

Б. Қосмағамбет