Пернетақтаның "құлағында ойнағыңыз" келсе

Пернетақтаның "құлағында ойнағыңыз" келсе

Кеңселерде іс-қағаздармен жұмыс жасайтын жұмыскерлер көбіне компьютердің алдында көп отырады. Көбі бұл ақпараттық техниканың «құлағында ойнаса», ал енді біреулері пернетақтадан әріп іздеп отыратыны жасырын емес. Біразы пернетақтадан әріптерді теріп отырып, экранға назар аудармай көп қате жіберіп алады. Мұндай кезде редакторлардың жұмысы артады. Дұрысы – керісінше, экраннан көз алмай, пернетақтада саусақтардың өздерін әріп іздеп жүгірту керек. Бұл қиын емес. Сонда редакторды да ренжітпейтін боласыз. Бұл үшін сіз еріншектік танытып жатқан басқа да саусақтарыңызды іске қосуыңыз керек. Он саусағыңыз да іске кіріссе, жұмысыңыз да өнбей ме?

Қазіргі таңда пернетақтада дұрыс жұмыс жасау курсынан өтіп жүргендер де жетерлік. Ол үшін ақша төлеп курсқа қатысуды аса дұрыс көрмеймін. Одан да мен сіздерге тегін ақпарат беріп, қалтаңыздағы қаражатты үнемдейін.

Бұл үшін сіз он саусағыңызда да жұмысқа дайындайсыз. «Көп түкірсе, көл» демей ме? Жұмысыңыз өнімді шығу үшін он саусақты пернетақтамен «достастырыңыз». Алғашында жатырқап жатқан саусақтар уақыт өте пернетақта үстінде өздері-ақ жүгіріп жүретін болады.
Пернетақтадағы қай әріптің қай жерде орналасқанын жаттап алу қиынға соқпайды.

Алғашқы қадам – бас бармақтан басқа саусақтарды ФЫВА-ОЛДЖ (ASDF-JKL;) әріптерінің үстіне қойыңыз. Ал бас бармақтарыңызды «бос орынға» орналастырыңыз.

Егер сізге керек әріптер саусақтарыңыз тұрған тұста тұрса, онда тек бармақтарыңызды тек жоғары-төмен түсіріп қана тересіз. Оң қолдағы саусақтарыңыз сол қолдың әріптерін иеленген саусақтарға көмектеспеуі керек. Әр саусақтың теретін өз клавиші бар. Әр әріпті теріп болған соң сол бармақты қайтадан өз орнынан әкеліңіз. Егер соңғы сөзді оң жақтағы саусақ аяқтаса, онда «бос орынды» сол жақтағы бармақ басады.

Бұл әдіске жаттығу барысында алдымен тек әріптерді теріп, сосын сөздерді, ал «әбден жаттықтым дегенде» ғана сөйлемдерді теруге көшесіз.
Алғашқы қадамды бастағанда алдымен А және О әріптерімен және «бос орынмен» жаттығыңыз. Одан кейін жаттығуды күрделендіре беріңіз. Теретін әріптер санын үсті-үстіне көбейтіңіз.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттерді түсірген:  Ардақ Құлтай

А. Әбілхан