Уақыт белдеуі туралы қызық деректер

Уақыт белдеуі туралы қызық деректер
Фото: airlife

Шамамен 140 жыл бұрын әлемде уақыт толығымен бейберекетсіздікте еді. Ол заманда тек елдер арасында ғана емес, Ресей мен АҚШ сияқты ірі елдерде де әр штаттың немесе провинцияның өзінің белгіленген уақыт аймағы болды.

Бұл жағдай ұзақ уақытқа созылса, төтенше жағдайлар туындауы мүмкін еді. Сонымен қатар, темір жолдар қарқынды дамып, пойыздар саны артып отырды, бұл уақытты жүйелі үйлестіруді талап етті.

Ұлыбритания өз аумағында бірыңғай стандартты уақытты енгізу туралы шешім қабылдаған бірінші ел атанды. Содан кейін бұл бастамаға АҚШ, Жапония, Канада және Ресей сияқты басқа да елдер қосылды. Осылайша әлемде уақыт белдеуі пайда болды. ХІХ ғасырдың аяғында өткен халықаралық меридиандық конференцияда «нөлдік» меридиан нүктесі ретінде Гринвичтегі Британ обсерваториясын алып, Жерді 24 сағаттық аймақтарға бөлу туралы келісімге келді.

Бұл уақыт белдеулерін құруға қысқаша кіріспе еді. Енді олар туралы қызықты деректермен танысайық.

Түн ортасында күннің батуы

Қытай әлемдегі жері бойынша ең ұзын елдердің бірі, оның батыстан шығысқа дейінгі ұзындығы 5700 шақырым. Ғалымдар уақыт белдеулерін бөлгенде, Қытайға оның бесеуі тиді. Бірақ 1949 жылы үкімет басына келген Мао Цзэдун елдегі уақыт белдеулерін бөлуді жойып, барлық жерде Бейжің уақытын белгіледі. Осы бойынша есептейтін болсақ Бейжіңнен шалғай жатқан Тибет автономиялық ауданында күн 5 сағат кешігіп, сағат тілі түн ортасын көрсеткенде батады. Бірақ әр аймақтың өз уақыты бар.

Айналым уақыты

Азиядағы Гималай (тау жүйесі) киелі және жұмбақ жер және мұнда да уақыт жарысқа түседі. Гималайдағы тау жотасын (шамамен 1000 км) кесіп өткенде, уақытты 6 рет ауыстыруға тура келеді:

• Үнді-Непал шекарасында - 15 минут алға;

• Непал-Үндістанда - 15 минут артқа;

• Үндістаннан Қытайға өткенде - 2,5 сағат алға;

• Қытай-Бутан - 2 сағат алға;

• Бутан-Үндістан- 30 минутт алға ;

• Үнді-Мьянмада - 1 сағат алға.

Тәуелсіздік құндылығы

Үндістан мен Непал арасындағы 15 минуттық уақыт туралы оқып таңғалған шығарсыз. Непал өзінің еркіндігін көрсету үшін сағатын көршілес Үндістаннан 10 минут бұрын қоюды ұйғарды. 1986 жылы бұл непалдықтар үшін жеткіліксіз болып көрінді және олар көршімен арадағы алшақтықты тағы 5 минутқа көбейтуді шешті.

Бір сағаттың орнына үш жарым сағат

Ауғанстан мен Қытай шекарасындағы қадам уақытты 3,5 сағат алға жылжытуға мәжбүр етеді. Әлемнің ешбір жерінде уақыт күрт өзгеретін мұндай ерекше орын жоқ.

Үш кездесу орны

Норвегия, Финляндия және Ресей шекараларында үш уақыт белдеуі түйісетін шағын Раякоски ауылы орналасқан. Әкімшілік жағынан Мурманск облысында орналасқан және онда бірнеше жүз адам ғана тұрады. Осы ауылдан Финляндия шекарасын кесіп өтсеңіз, сағатты бір сағатқа, Норвегияға барғыңыз келсе, екі сағатқа кері бұрау керек.

Т. Раушанұлы