Ең табысты YouTube блогерлер тізімі жарияланды

Ең табысты YouTube блогерлер тізімі жарияланды
Фото: digitalmarketingdigest.net

Forbes өткен жылы YouTube платформасындағы ең табысты блогерлер рейтингін жариялады.

Рейтингтегі бірінші орынды 23 жастағы Джимми Дональдсон (MrBeast (Jimmy Donaldson) иеленді. Оның 2021 жылғы табысы 54 миллион долларды құрады. Жылдың соңында Дональдсон бейнелері 10 миллиардтан астам көрілген.

Ол сондай-ақ табысты кәсіпкер. Блогер өткен жылы мобильді құрылғылар арқылы 1600 мейрамханадан өз брендімен гамбургерлерге тапсырыс беруге мүмкіндік беретін қосымшаны жасаған.

Екінші орында актер және блогер Джейк Пол (Jake Paul). Оның табысы 45 миллион долларды құрады.

Үшінші орындағы геймер Маркиплиер (Markiplier) өткен жылы 38 миллион доллар табыс тапты.

Америкалық комиктер Ретт пен Линк (Rhett and Link) 2021 жылы 30 миллион доллармен төртінші орын алды.

Бесінші орында тұрған Unspeakable – ең бай блогерлер арасында ең жаңасы. Minecraft ойнайтын ол 10 жылға жуық уақыт бойы осы ойынға қатысты бейнелерді көрсетіп келеді. Өткен жылы ол роликтердің құқықтарын Spotter компаниясына сатып, 28,5 миллион долларға қалтасын қалыңдатты.

Жеті жасар Настя Радзинская бай жеңімпаздар тізімінде алтыншы орынды иеленді. Forbes мәліметінше, Настя мен оның отбасы өткен жылы 28 миллион доллар табыс тапқан.

Настядан үш жас үлкен Райан Кадзи (Ryan Kaji) үздік үштіктен жетінші орынға түсіп қалды. 2021 жылы оның роликтері 27 миллион доллар жинады.

2020 жылы Dude Perfect комедиялық тобы үшінші орынға ие болған еді. Топ өткен жылы 20 миллион доллар табыс тапты.

Шоумен әрі видеоблогер Логан Пол (Logan Paul) тоғызыншы орын иеленді. Оның өткен жылғы табысы 18 миллион долларды құрады.

Оныншы орын Minecraft ойынына қатысты видеоларымен танымал Престон Арсементке (Preston Arsement) бұйырды. Ол 2021 жылы 16 миллион доллар табыс тапқан.

Forbes мәліметі бойынша, YouTube-тегі ең бай 10 блогер өткен жылы жалпы алғанда 300 миллион доллар табыс тапқан.

 2021 жылы YouTube пайдаланушыларының саны 2,3 миллиардтан асқан.

А. Оралқызы