Тәртіп сақшыларының аты әр елде әртүрлі

Жалпы, полиция қызметкерлерін жаргонмен, көше тілімен атау көптің әдетіне айналған. Әр елдің азаматтары әртүрлі атайды.

Мәселен, француздар тәртіп сақшыларын «флик» (flic) дейді. Бұл – Federation Legale des Idiots Casques сөзінің қысқарған түрі. Қазақша мағынасы – «шлем киген ақымақтардың заңды ұйымы». Француз полициясы – жандармдардың шлем киіп жүретіні белгілі, мұндай қыңыр атаудың шығуына да шлем себеп болса керек.

Немістер полиция қызметкерлерін қырсық әрі күші көп болғандықтан «бұқа» (Bulle) десе, итальяндар sbirro (birrum сөзінен шыққан – «қызыл плащ» дегенді білдіреді) деп кемсітеді.

Орыстар полицейлерді «мент», «мусора» дейтінін білеміз. Шындап келгенде, бұл екі сөздің шығу төркініне мән берсек, кемсітушілік мағынаның мүлдем жоқ екенін аңғаруға болады. Мәселен, «мент» сөзі – «доку-мент» сөзіндегі соңғы буын. Өйткені тәріп сақшылары оқиға орнына келгенде, алдымен құжат толтыруға кірісетіні белгілі. Ал поляктар «мент» деп сарбазды, «ментик» деп қарауылда тұрған күзетшіні айтады. Венгр тілінде де «мент» сөзі бар. Ол плащ, жамылғы, желбегей  дегенді білдіреді. Ал Венгрия құқық қорғаушылары қара жамылғы киіп жүреді.

Ал «мусор» деген жаргон сөз «қоқыс» дегенді емес, Мәскеудегі бұрынғы полиция қызметінің қысқарған түрі. Яғни, МУС – Мәскеу қылмыстық тыңшылық қызметі (Московский уголовный сыск). Аталмыш сөздің шығуына қатысты тағы бір пікір бар: ол ағылшын тіліндегі MY COP, яғни, «менің полицейім» сөзінен пайда болуы мүмкін деген нұсқа.

Полиция қызметкерлерін кейде «легавый» деп те жатады. Әсіресе, Голливуд фильмдерінің аудармасынан жиі естиміз. «Легавый» деп аң аулайтын иттерді айтады. Жабайы құстарды иісінен іздеп тауып, қасында қалшиып тұратын ит тұқымы. Полицейлерге бұлай атау беруге қылмыстық тыңшылық агенттері бұрында өзін жасырын ұстау үшін аңшылық қоғамының киімдерін киіп жүретіні себеп болған.

Ал ағылшын тіліндегі COP (коп) сөзі мыс мағынасын білдіретін «copper» сөзінен шыққан. Нью-Йорк полицейлері тағып жүретін сегіз бұрышты жұлдызша мыстан жасалған.