Емен – көне ағаш

Емен – көне ағаш
Фото: yandex.kz

Емен жер бетінде жиі тараған ағаш. Көбісі көне. Біраз жыл өмір сүретін өсімдік. Емен жерде адамзат келмей тұрып пайда болған. Кейін адамның баспанасы болды. Алғашқы адамдар үйді тас пен ағаштан салған. Ал емен өте берік әрі жуан ағаш болғандықтан, құрылысқа таптырмас материал еді.

Емен – жануарлардың да үйі, қорғаны. Ін қазып, ұя салып, дауыл мен желден қорғанады.

Қазір еменнен жасалмайтын нәрсе жоқ. Дәрі-дәрмекке дейін дайындалады. Үйдегі жиһаз атаулының бәрі осы еменнің «балалары».

Емен жайлы қызықты деректер:

- Емен – ірі ағаш, бірақ жер бетіндегі басқа ірі тұқымды ағаштармен салыстырғанда аласа. Сондықтан еменді ірі деп емес, орташа бойлы ағаш деп таныған жөн. Тек діңгегі жуан. Діңгегінің диаметрі бірнеше метрге дейін жетуі мүмкін.

- Емен табиғат құбылысына жақсы төтеп береді. Дауылға да, жел мен жаңбырға да міз бақпайды. Қуаңшылыққа төзімді. Емен құрт-құмырсқаға көп «жем бола қоймайды». Еменнің қабығынан бөлінген емен қышқылы ағаштың өзін инфекция мен түрлі зиянкестерден қорғайды.

- Емен – жер бетінде 65 миллион жыл бұрын пайда болған жалғыз тіршілік иесі. Емен 1000 жасқа дейін өмір сүруі мүмкін. Израильдің Мамре қаласына таяу маңда өскен Ибраһим пайғамбардың еменіне 5 мың жыл болған. Оның кейбір бұтақтары сынып, қурап қалғанымен, жаңадан өсіп жатқандары да бар.

- Еменнің жаңғағы жануарларға азық. Әсіресе, қабан мен құстар жақсы көреді. Бірақ ит пен жылқыға жеуге болмайды. Өйткені емен қышқылы қос жануардың асқазанын құртып, бүйірі мен бауырына зиян тигізуі мүмкін. Бір емен ағашы қурағанға шейін 10 миллион жаңғақ тастайтын көрінеді.

- Еменнің түбіне жерқұлақ (жеуге жарамды саңырауқұлақ) қаптап өседі. Бірақ оның қалай өсетінін ғалымдар әлі анықтай алмай отыр. Себебі бір еменге жерқұлақ өскенімен, енді біріне өспеуі мүмкін. Сондықтан француз фермелері еменді бақшасына қаптап егіп, саңырауқұлақтың өскенін күтіп жүретін әдеті бар.

- Емен 50 жасқа толғаннан кейін жаңғақ тастайды. 10 мың жаңғақтың тек біреуі ғана жерге түсіп, жас ағаш боп өсіп шығады. Қалғандарын құстар мен жануарлар жеп қояды.

Қ. Слямбек