Шегіртке жайлы қызықты деректер

Шегіртке десек болды, көз алдымызға бау-бақша мен егін-шөпті отап, зор залал келтіретін зиянкес жәндік көзімізге елестейді.

Алайда шегірткенің кей түрі ғана қауіпті, ал қалғандарының жай күнін көріп, тіршілік кешіп жүрген жәндіктер екенін білмейміз. Шегірткенің үлкені де, кішісі де бар. Түрі көп. Кейбірінің ұзындығы 10 сантиметрге дейін жетеді.

Шегірткенің басты қасиеті не ерекшелігі дейміз бе, оның бір жұмыртқадан екі түрлі шегірткенің өсіп жетілетіндігін айтуға болады. Мәселен бауырлас шегірткенің бірі – жасыл, бірі – қара болып шығуы мүмкін. Мұның сырын білмеген ғалымдар тіпті бір жұмыртқадан жарып шыққан шегірткелердің өзін екі түрлі популяцияға жатқызып, әрбіріне жаңаша атау беріп жүрген кездері болды. Алайда мұның бәрі бір шегірткенің тұқымдары ғана. Бәрі шегірткенің өскен жеріне байланысты.

Жалғызбасты шегірткелер

Шегірткенің негізінен екі түрі болады: бірі – жалғыз, салт жүретін шегірткелер, екіншісі – үйірмен жүретін шегірткелер.

Жалғыз тіршілік ететін шегірткелер, әдетте, азық-түлік мол, шөбі шүйгін жерде өмір сүреді. Түсі жасыл, денесі ірі, қанаты әлсіз келеді. Азық-түлік мол болғандықтан, бір қоныста жата береді. Сондықтан көп ұшып, секіріп әуре болмайды. Қанаты әлсіз болатындығы содан.

«Жалғызбасты» шегірткелер шырылдап үн шығарады. Жалғыз жүргендіктен, шырылдап үн шығарып басқа «қандастарын» жанына шақырады, белгі береді, назарын аудартады.

Табын шегіртке

Егер шегірткелер азық-түлік аз, тақыр жерде тіршілік етсе, онда табынға бірігіп, үйір құрып өмір сүреді. Мұндай шегірткелердің түсі қара қошқыл, жасырынуға бейім, қанаты қуатты келеді. Ұзақ жаққа ұшуға үйренген. Жүздеген шақырымды басып өтуі мүмкін. Табын шегіртке 16 шақырым/сағат жылдамдықпен ұша алады.

Ауыл шаруашылығына зиян келтіретін де, міне – осы шегірткелер. Кейбір табындағы шегірткенің саны 40 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Мұндай рекорд ХХ ғасырдың ортасында Мароккода тіркелген. Табынның ұзындығы 250 шақырымға дейін жетсе, ені 20 шақырымға дейін жеткен екен. Мұндай алапат табын басып өткен жерде ештеңе қалмасы анық, бәрін жалмап кетпек.

Шегірткенің пайдасы

Адамдар аштық жайлаған, қуаңшылық болған жылдары шегіртке аулап жейтін болған. Ғалымдар шегірткенің ағзасында жұғымды, пайдалы заттардың көп екенін айтады. Ет пен майдың орнын алмастыра алатындай жұғымдылығы бар. Витаминдер көп.

Сондықтан әлі күнге дейін қытай мен Мексика тұрғындары шегірткені таңсық ас ретінде жейді.