Алматыны немен дезинфекциялайды?

Алматыны немен дезинфекциялайды?
Фото: Freepik

SARS-CoV-2 пандемиясының алдын алудың бірден бір тәсілі - қоғамдық орындарды, көше мен ауланы дезинфекциялау. 

Елімізде барлық қаладағы қоғамдық орынды, адам көп жиналатын жерді, аула мен көшені арнайы киім киген адамдар төмен температурадағы арнайы қоспаны шашып, дезинфикациялап жатыр. Өйткені коронавирус темір және пластик заттардың бетінде үш күн тіршілік ете алады. Адам қолы көп тиетін жерді дезинфекциялау вирусты өлтіруге көмектесіп, оның таралуына жол бермейді. 

Алғаш болып карантинге жабылған қаланың бірі Алматының көшесі мен ауласын немен дезинфекциялайтыны жайлы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев айтып берді.

Алматы әскери гарнизоны мен "Алматы тазалық" қаланы санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дезинфекциялау үшін натрий гидрохлоридын қолданады. 10 литр натрийге 1200 ли су қосып, қоспамен қоқыс жәшігін, орындықтарды, аялдаманы және дүкен мен дәріханалардың кіре берісін өңдейді. 

Тұрғын үй саясаты басқармасы болса жергілікті өндірушілердің өнімі – "Алмаэкстра", "Санлайн", "Концепт" секілді препараттармен тұрғын үйлер мен ауланы дезинфекциялайды.  

Әлемнің көп елінде дәл осы хлорлы әк пен судың қоспасымен көшелерді тазартуды қолға алған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай қоспаның киімге және көзің шырышты қабығына зияны бар екенін мәлімдеген. Дегенмен оның зияны болғанына қарамастан, хлорлы әк коронавирусқа қарсы таптырмас құрал екенін мамандар мойындап отыр. Хлорлы әк теріні күйдіріп, шырышты қабыққа зиянды болғандықтан оны шашатын адамдар арнайы қорғаныш киімін киеді. Ал дезинфекцияланған аумақта тұрғындарға 5 сағат өтпей жүруге болмайды. Бұдан бөлек, метро, пойыз, қоғамдық көліктерді тазалау үшін микробқа және вирусқа қарсы "Трилокс" атты дезинфикациялаушы дәріні қолданады.  

Хлорлы әк – бұл әдетте "хлорка" деп атайтын бірнеше заттың қоспасы. Қосындыны затты ағарту не дезинфекциялау үшін, сондай-ақ әктас қабатын жою үшін қолданады. 

CoVID-19 вирусы ультракүлгін, спирт және хлорға қарсы тұра алмайтындықтан көптеген елдерде спирт пен хлордың қосындысын пайдаланады. Ал көрші Ресейде метро мен сауда кешеніндегі эскалатор таянышын тазарту үшін автоматты ультракүлгін залалсыздандыру құралын ойлап тапқан.  

А. Рысдәулет