Илон Масктың ғаламдық жобасы қашан іске қосылады?

Илон Масктың ғаламдық жобасы қашан іске қосылады?
Фото: freepik.com

Күні кеше Илон Масктың компаниясы SpaceX аспанға Starlink жобасының алғашқы 60 телекоммуникациялық жерсеріктерін ұшырды.

Falcon 9 Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан 24 мамыр күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 08:30-да ұшып, 60 жерсерікті 440 шақырымдық Жер орбитасына сәтті алып шықты. Бұл жерсеріктер – бүкіл Жер планетасын интернет-сигналмен қамтамыз ету үшін жасалып жатқан SpaceX жобасының бір бөлігі.

Егер бәрі жоспардағыдай болса, жоба аясында алдағы бірнеше жылда ғаламдық жылдам ғаламтор жүйесі пайда болуы мүмкін. 

"Starlink әлемді сенімді әрі қолжетімді жылдам ғаламтор жүйесімен жаулап алады", - делінген SpaceX компаниясының Twitter-дегі мәлімдемесінде.

SpaceX Starlink жобасы аясында Флорида штатынан ұшқан Falcon 9 зымыранын тікелей эфирден көрсетті. Ал жерден айырылғаннан кейін бір сағаттан соң Аустралия мен Антарктида арасында зымыранның жоғарғы сатысы 13 600 келіні құрайтын 60 жерсерігін бір уақытта босатты. 

Болашаққа бастар басты қадам

227 келіні құрайтын Starlink серіктеріне бір күн панелі мен ақпаратты жерге жіберіп, қайта қабылдайтын антенна орнатылған. 

Әр жерсерікте әлсіз, алайда аса тиімді Холл қозғалтқыштары орнатылған. Холл - криптон газын бөлетін ионды қозғалтқыш. Илон Масктың айтуынша, бұл қозғалтқыштар жерсеріктерінің бір-бірімен соқтығысып қалмауының алдын алады. Ал қолдану мерзімі аяқталғаннан соң әрбір жерсерігі орбитадан шығып, өзін-өзі жояды.

Айта кету керек, алғашқы 60 телекоммуникациялық жерсеріктерінде ең маңызды - лазер сәулелері жоқ. Бұл сәулелер әрбір серікті өзге төрт серікпен байланыстырып, Жер айналысында үлкен торды құрайды. Ал бұл өз кезегінде жоғары жылдамдығы бар ғаламторды орнатуға мүмкіндік береді. Starlink жобасының талшықты-оптикалық кабельден артықшылығы ақпаратты Жерге 50% жылдам береді.

Starlink жобасының мақсаты, 2027 жылға дейін дәл осындай 12 000 телекоммуникациялық жерсеріктерін ұшыру. Бұл дәл қазір Жер айналасындағы ғарыш аппараттарынан 7 есеге көп. Мұндай нәтижеге жету үшін SpaceX алдағы жеті жылда айына бір рет аспанға жерсеріктерін ұшырып отыру қажет. Дегенмен Илон Маск әлемдік ғаламтор жүйесін қосу үшін 1000 жерсерігі жеткілікті екенін мәлімдеді.

Starlink Жердің басым бөлігін кедергісіз кең жолақты ғаламтормен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ұшақтар, кемелер, тіпті, көліктерге дейін ғаламторға қосылуға мүмкіндік туады. 

А. Рысдәулет