Қазақстан және Өзбекстан Президенттері eGov жұмысымен танысты

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері eGov жұмысымен танысты
Фото: Yvision

Бүгін Ташкентте өзбек-қазақ бизнес-форумы аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев eGov электрондық үкіметтің жобаларының жұмысымен танысты. Бұл туралы eGov.kz порталында хабарланды. 

eGov стендін таныстыру барысында «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жарқынбек Азаматов электрондық үкімет порталы 2006 жылдан бастап жұмыс жасай бастағанын айтты. Бүгінгі күнде eGov.kz арқылы азаматтарға 700-ден астам  қызмет пен сервистер көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, егер бұрын жас бизнесмендерге жеке ісін тіркеу 30 күн күту керек болса, бүгін eGov.kz заңды тұлғаны тіркеуді небәрі бір сағатта жүзеге асырады.  Бизнес үшін 44 онлайн қызмет қолжетімді. БҰҰ рейтингіне сәйкес Қазақстан электрондық үкіметті дамыту көрсеткіші бойынша 33 орында орналасқан.

«Азаматтарға электрондық қызметтерді көрсету процесі жыл сайын жеңілдеп келеді. Қазіргі уақытта ХҚКО қызмет көрсетудің жаңа форматына көшуде. Олардың бірі халықтың тікелей қатысуынсыз қоғамдық пункттер арқылы қызмет көрсету болып табылады. Электрондық үкіметті дамыту жұмыстары барлық мемлекеттік көрсетілетін электрондық қызметтерді онлайн режимде көрсетіп, халықпен проактивті жұмыс істеудің арқасында мемлекет пен халық арасында ашық қарым-қатынас орнатуға себеп болады» - деді Ж.Азаматов.

Мемлекет басшылары барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің цифрландырылуы мен екі ел арасындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Өзбек-қазақ бизнес-форумы мен Қазақстанның ұлттық өндіріс көрмесі Ташкентте қыркүйектің 15-17 аралығында өтуде екенін есіңізге саламыз. Қазақстан тарапынан ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстаннның сыртқы сауда палатасы мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ болып табылады. Іс-шарада Өзбекстан және Қазақстаннан 70-тен аса компаниялардың өкілдері қатысуда.

М. Оңғарова