«Ақылды» пианино музыкалық дарыныңызды дамытады

«Ақылды» пианино музыкалық дарыныңызды дамытады
Фото: www.smartpiano.com

ONE Smart Piano – кез келген адамның музыкалық аспапта ойнауына демеу болатын «ақылды» пианино. Мұндай технология балалар мен пианинода ойнауды жылдам үйренгісі келетіндер үшін орасан зор мүмкіндік береді. Инновациялық өнім кәсіби білімді беруге шамасы жетпесе де, музыка пәні мұғалімінің орнын баса алады.

Smart Piano қарапайым пианинодан әрбір батырмаға бекітілген түс бірлігімен ерекшеленеді. Музыкалық аспапты қолдану үшін оны алдымен белгілі бір мобильді гаджетке қосу керек. Оған iOS немесе Android платформаларындағы кез келген аппарат сәйкес келеді. Ал мобильді девайсқа арналып шығарылған қосымшада 2 000-нан астам музыкалық композиция бар.

«Ақылды» пианиноға мобильді қосымша жүктелген аппаратты қосу арқылы тегін видео дәрістерін де көре аласыз. Одан бөлек, белгілі бір әуенді бірге орындау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, пианиноның түс бірліктерін қосып, композиция орындауды үйренуге болады. 

Ж. Өрісбай