Facebook арқылы досыңыз қайда жүргенін анықтай аласыз

Facebook арқылы досыңыз қайда жүргенін анықтай аласыз
Фото: wallstreetpr.com

Силиконды алқаптағы Facebook компаниясының бағдарламашылары көпшілік келісе қоймайтын функция құрастырды. Facebook әлеуметтік желісінде сұхбаттасыңыздың нақты мекенжайын көрсететін қосымша пайда болды.

«Тыңшылар картасы» (Marauders Map) деп аталған қосымшаны әзірге тек Android платформасынан тегін көшіріп алуға болады. Ал оның қолдану жүйесі өте қарапайым үлгіде құрылған. Facebook әлеуметтік желісінде жіберілген әрбір хабарламада қолданушының геолокациялық мекенжайы карта көмегімен көрініп тұрады. Нәтижесінде картада қолданушының хабарламаны жіберген уақыты мен мекенжайы көрсетіледі. Картаны басу арқылы сіз достарыңызды нақты қай жерде жүргенін көре аласыз. Бұл сіздің келісіміңізсіз, автоматты түрде жүргізіледі. Қосымшаның атауы ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің Гарри Поттер туралы кітабынан алынған.

Мұндай қосымшаның шығу мүмкіндігі туралы ақпарат осыған дейін де тарады. Ал Messenger қосымшасы қолданушының геолокациялық дерегін қолдануға өтінім сұрауы көптеген желі тіркелушілерін ойландыра бастаған еді. Кейбір адамдар оған мүлде мән бере қоймағанын айтады.

Жаңа қосымшаның құрылымдық моделі әлдеқашан таныстырылған. Егер қосымша толығымен қолданысқа берілсе, өзінің мекенжайы туралы ақпаратты бөліскісі келмейтіндер үшін бұл үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

Ж. Өрісбай