Apple компаниясына жаңа стартаптар не үшін қажет?

Apple компаниясына жаңа стартаптар не үшін қажет?
Фото: en.whaatsnew.com

Apple – IT-нарықта әлемдік деңгейге көтерілген ең табысты компания. Смартфон, планшет және компьютер нарығына өнім дайындайтын купертинолық компания бәсекеге қабілетті болуы үшін онлайн платформасын да дамытуға тиіс. Әлемдік нарықта қолданылып жатқан гаджеттердің басым бөлігі Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтіндіктен, Apple мамандары iOS платформасын үдемелі жаңартып отыр. Apple осы мақсатпен көптеген стартап-компанияны сатып алумен айналысып келеді. Кезекті стартап өнімі компанияның онлайн карта қосымшасын дамытуға бағытталады. 

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында құрылған Mapsense стартапы мекенжайды визуальды талдау арқылы анықтап, нақты мәлімет беретін қосымша бағдарламалаумен айналысады. Жаңа онлайн өнім картаның графикалық моделін ұсынып, қолданушының нақты мекенжайын аз уақытта анықтап береді.

Mapsense стартапын 2013 жылы Эрез Коэн (Erez Cohen) есімді бағдарламашы құрған. Ол оған дейін Palantir Technologies компаниясында жұмыс істеген. Эрез соңғы екі жылда өз идеясын толық жүзеге асыра алған. Нәтижесінде стартапқа Apple компаниясы қызығушылық танытып отыр.

Ғаламторда тараған мәліметке сенсек, Apple Mapsense стартапын 30 миллион АҚШ долларына бағалаған. Әзірге өнімнің қалай сатылып жатқандығы туралы нақты ақпарат берілмеді. Дегенмен сарапшы мамандар стартаптың Apple-ге тиімді платформа құрастыра алатынын ескеріп, келісім-шартқа қол қойылатынына сенім білдіріп отыр.

Айта кетсек, осыған дейін Apple корпорациясы BroadMap, Catch, Coherent, C3 Technologies және Metaio сынды стартап-компанияларды сатып алған болатын. Әдеттегідей, компания сатып алудың нақты мақсатын құпия күйде қалдырды. 

Ж. Өрісбай