Кеңседе отырып та спорттық жаттығулармен айналыса аласыз

Бір орында көп уақыт отыра беру зиян екенін білесіздер. Сондықтан компьютердің алдында отыру керек емес, жүру керек. Жаңа зерттеулердің нәтижесі бойынша, қарапайым жұмыс үстелі мен жүгіру спорттық құрылғысының гибридті өнімі Treadmill Desk қолданушыларының қысқа уақыт ішінде есте сақтау қабілеті артқан. Зерттеу нәтижесі Computers in Human Behavior атты ғылыми журналда жарияланды.

Канадалық ғалымдар екі топ жастар құрамын салыстыра зерттеу жүргізген. Бірі сағатына 2,4 шақырым жылдамдықпен 40 минут бойы жүріп өз жұмысын орындаған болса, тағы бірі сол жұмысты отырып жасайды. Он минут өткеннен кейін ерікті қатысушыларға ондаған сұрақтар қойылады. Мидың белсенді аймағын анықтау үшін арнайы электрлі энцефалограф қолданылады.

«Үнемі қозғалыста болатын кеңсе қызметкерлерінің дұрыс жауап беруге 34,9% артықшылығы болады екен. Әсіресе жүру кезінде мидың назар аудару мен есте сақтау қабілеттеріне жауапты аймақтары белсенді болады», - дейді зерттеуші ғалымдар.

Электрлі энцефалограф эксперимент барысында мидың белсенділігін көрсететін альфа-толқындардың өзгеруін бақылауда ұстап тұрған. Дегенмен ғалымдар зерттеудің әлі жалғасатынын айтып өтті.

Ескере кетсек, бұл әдіс осыған дейін де негізге алынған болатын. Өзге зерттеушілер сағатына екі шақырым жылдамдықпен жүріп бара жатқан адамның мәтінді теру мүмкіндігі әлдеқайда артатынын дәлелдеген. Расында жүру немесе жүгірудің ми жұмысына пайдалы екені бұрыннан белгілі. Дегенмен қазіргі адам баласының көп уақытын кеңседе отырып өткізетінін ескерсек, осындай өнертабыстар ұтымды болары сөзсіз.

Өкінішке орай, Treadmill Desk сынды «екеуде біреу» үстелдері бағасының біршама қымбат болуына байланысты жаппай қызығушылық танытпай отыр. Оның құны – 200 АҚШ доллары. Дегенмен, денсаулықтың бағасыз екенін ескергеніміз жөн.

Сурет: healthinsider.ru

Оқи отырыңыз:

Amoeba — төрт түрлі компоненттен тұратын флешка

Қарапайым секіргіш смарт құрылымға ие болды

Енді Gmail арқылы ақша аударымын жасауға болады

Билл Гейтс жасанды сананың дамуына қарсы