Түркістанда бақташы 16 миллион теңгенің малын сатып жіберген

Түркістанда бақташы 16 миллион теңгенің малын сатып жіберген
Фото: agroinfo.com

Түркістан облысында бақташы 16 миллион теңгенің малын сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның бақташыларының бірі сеніп тапсырылған асыл тұқымды қойларының ішінен әрқайсысы 70 мың теңге тұратын 200-ден астам малын талан-таражға салған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 16 миллион теңгеден асады.

Бұл жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеуге алды. Күдікті жәбірленушінің бақташысы Арыс қаласының тұрғыны болып шықты.

Күдікті өзінің несиелері мен қарыздарын өтеу үшін қылмысқа барғанын мойындады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

М. Жәмішжанов